Спорт

“Қызылжар барысы -2014”

 

Елімізде спорттың дамып-өркендеуіне бар жағдай жасалған. Соның бір айқын дәлелі – жыл сайын “Қазақстан барысының” өткізілуі. Сол айтулы турнирге жолдама алып қатысу, әр палуанның басты мақсаттарының бірі десек артық айтқандық емес. Ал оған бармас бұрын палуандар аудандық және облыстық іріктеуден өтулері керек.

 

Еркебұлан Кәменов, Қызылжар ауданының әкімі:

-Байрақты доданың барлық қатысушыларына бүгінгі сайыста сәттілік тілеймін. Ауданымызда мықты деген палуандар баршылық. Боз кілемде жауырыны жерге тимегендері аудан атын облыста қорғайтын болады.

 

Жарыс ашылысымен, нағыз тартысты турнир басталып кетті. Түйе палуанның бірі Исатай Макарамов 95 келі салмақ дәрежесінде Талғат Әшімовпен белдесті. 30 жасар палуан қазіргі таңда әскери институтта келісімшартпен қызмет етеді. Ол 2010 жылы самбодан ел чемпионатының жеңімпазы, ал 2014 жылы әскерилер арасында өткен самбодан Қазақстан чемпионатында жүлдегерлер қатарынан көрініпті.

Ал 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде боз кілемде күш сынасқан Бекжан Сайдуллаев өткен жылы аудандық іріктеу сынында 3-ші орынға жайғасыпты. 20 жасар палуан осы жолғы жарыста да топ жарудан үмітті. Алайда ол әзірге республикалық жарыстарға қатыса алмайды. Өйткені палуанның салмақ дәрежесі бұндай жарысқа қатысуға келмейді екен. Тек келер жылы ғана топ жарып жатса, тартысқа түсетін болады.

Барлық 36 қатысушыны жоғары дәрежедегі судьялар бағалауда. Жалпы палуандар – 65, 85 кг және одан жоғары салмақ дәрежесінде күш сынасты. Аудан намысын облыстық жарыста мықты деген 4 түйе палуан қорғайды.

 

Аудандық іріктеу турынан сүрінбей өткен жеңімпаз қатысушыларға ақшалай сыйақы табысталды.

 

Бақыт Сәдуақасов