Ауыл шаруашылығы

Өңірде көктемгі дала жұмыстары басталды

 

Есіл ауданындағы “Столыпинское” серіктестігінің меншігіндегі жер телімі 12 мың гектарды құрайды. Шаруашылық басшысы осы жылы 8 мың гектарға бидай, қалғанына сұлы, арпа, жүгері секілді жем-азық түрлерін орналастырмақ. Қазір диқандар танап басында ылғал жабу жұмыстарына кірісіп кеткен.

Николай Ионов, «Столыпинское» ЖШС директоры, Есіл ауданы:

-Жақсы ылғал – мол астықтың кепілі. Биыл оның мөлшері өткен жылғыдан жоғары. Күз бен көктемгі жауын, еріген қар суы да жерге жақсы сіңді. Ендігі жерде сол ырыздықты мейлінше пайдаланып, ылғал тоқтатып үлгеруіміз керек. Танаптарға сіңген су шамамен 75-80 сантиметрге дейін жетті. Алайда қазірдің өзінде оның үстіңгі қабаты 2 сантиметрге дейін кеуіп кетті. Одан жер жарылуы мүмкін. Ылғал жабу ондай олқылықтарға жол бермеудің кепілі.

 

Ылғал жабудың алғашқы күні танап басына әзірге 1 техника шығарылыпты, бірер күнде тағы 10 техникамен толығады. Ал тұқым себу науқанына шаруашылық мамырдың сегізінде кіріседі. Бірінші кезекте  дәнді дақылдың жем-азық түрлері орналастырылса, ырыс дәнін сіңіру жұмыстарын мамардың 15-і бастамақ. Серіктестік басшысы көктемгі дала жұмыстарын дер кезінде бастап, уақтылы аяқтауға толық мүмкіндігіміз бар дейді. Техника мен тұқым, жанар-жағармай қоры жеткілікті. Жалпы Есіл ауданының аграршылары биыл 300 мың гектар жерді игермек. Оның 226 мың гектарына бидай себілсе, майлы дақылдар алқабы – 33 мың, жем-азық 25 мың гектарды құрайтын болады.

«Аудан бойынша қазіргі күні егіс науқанына қатыстырылатын техниканың әзірлігі 98 пайызды құрап отыр. Оның 70-і қуаттылығы жоғары шетелдік себу кешендері. Жалпы алқаптың 80 пайызға жуығын сол техникалардың көмегімен игеруді жоспарлап отырмыз»- дейді Есіл аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Медальбай Әбдрахманов. Барлық технологияларды сақтай отыра, дер кезінде басталып, уақтылы аяқталған көктемгі дала жұмыстары мол астықтың кепілі. Оны жер емген шаруалар жақсы түсінеді.

 

Самат Есмағи