ТЖ

Есілдің деңгейі көтерілуде

Сәуірдің 19-ында кешкі сағат 10 шамасында Петропавл гидроторабынан Заречный елді мекеніне дейінгі жолдың бір бөлігін су басқан болатын. Айналма  жолды қазіргі уақытта тәртіп сақшылары күзетуде. Бүгінде тасқын су 60 метрге жайылып, тереңдігі 15-см ге дейін жеткен. Жолдың бұл учаскесінен тек жүк көліктері ғана жүре алатын сияқты.

Осы маңайдағы саяжайлар да су астында қалған. Өйткені, Есіл өзені арнасынан шығып, ондағы судың деңгейі шамамен 2 метрге дейін көтерілген. Өзеннің тасуы одан әрі жалғасса, Заречный мен Былғары зауыты кенттеріне су астында қалу қаупі төнуде.

 

Евгений Журавлев, СҚО ТЖД баспасөз хатшысы:

– Бүгінде су Сергеев қоймасынан 198 см асып, өзенге құйылып жатыр. Бұл екінші толқын болғандықтан, қалаға қауіп төндіреді. Покровкадағы су қоймасы да тасуда. Бір тәуліктің өзінде тіршілік көзінің деңгейі 23 см жоғарылап отыр. Ал, Петропавл су қоймасындағы тіршілік көзі бір тәулікте 5 см көтерілді.

 

Облыстық төтенше жағдайлар департаментіндегілер Есіл өзені тағы жарты метрге көтерілуі мүмкін деп отыр. Болжам расталса, қаланың шетіндегі екі кенттегі баспаналар су астында қалады. Дегенмен мамандар құтқару шараларына сақадай саймыз дейді.

 

Евгений Журавлев, СҚО ТЖД баспасөз хатшысы:

– Көктемгі су тасқынының қазіргі жағдайы 1997 жылға ұқсас. Дегенмен 2005 жылғы көрініс қайталануы мүмкін деп отырмыз. Сондықтан біз барлық жағдайды бақылап жатырмыз. Болжамымыз расталып жатса, тез арада тұрғындарды қауіпсіз жаққа көшіруге тырсамыз. Оларды қорғаусыз қалдырмаймыз.

 

Қазіргі күні тәртіп сақшылары қауіпті, су басқан жерлерді күні-түні күзетіп жатыр. Ал, балықшыларға көктемгі су тасқыны кезінде қармақ салуға қатаң тыйым салынады. Үстіміздегі жылдың сәуір айында ғана ескертуді елемеген екі солтүстікқазақстандық балық аулаймын деп суға кеткен.

 

Бану Ахметова