Қоғам

Ауыз су сапасы бақылауда

 

Көктемгі су тасқыны қызылжарлықтар үшін тек су басу қаупін ғана емес, сондай-ақ ауыз су сапасының күрт төмендеуімен де қауіп төндіруі ықтимал. Себебі жайылған қызыл су Есіл өзенінің ағысына күш қосып, судың лайлануына әкеп соқтырады. Ал петропавлдықтар болса күнделікті тамағына өзен суын пайдаланады. Бірақ ол әр үйге «Қызылжар су» кәсіпорнының зертханалары арқылы түрлі сүзгілерден өтіп жеткізіледі. Қазір ол технолог мамандардың қатаң бақылауында.

 

Лариса Аширова, “Қызылжар су” ЖШС технологы:

-Қыс мезгілімен салыстырғанда тіршілік көзінің лайлылығы 1 литрге 2 миллиграмнан 100 миллиграмға дейін жетіп отыр. Сондықтан біз қазір су сынамасын сағат сайын бақылаудамыз. Суды тазартуға арналған реагенттер мөлшері жеткілікті. Тіршілік көзінің сапасына тұтынушылардың алаңдауына еш негіз жоқ.

 

«Қызылжар су» серіктестігінің зертханасы жыл бойына тоқтаусыз жұмыс істейді. Тек бір ауысымда су сынамасының өзі 10 шақты адамның қолынан өтеді екен. Алайда көктемгі су тасқыны кезінде ондағы мамандарға жүктелер міндет арта түседі. Оның бәрі сақтық шаралары үшін қажет.

 

Галина Тюменева, “Қызылжар су” серіктестігінің инженер-химигі:

Зертханада 40 түрлі тексеріс жүргіземіз. Көктемде су лайланып, ондағы құм мен саз, балдырлар мөлшері артады. Одан тіршілік көзінің микроэлементтері өзгеріске ұшырайды. Біз оларды әлсін-әлсін тексеріп, ауыз судың сапасын нормаға келтіреміз. Содан кейін барып қана ол халыққа жеткізіледі.

 

«Қызылжар су» зертханасында тәулігіне 60 мың текше метр су тазартылады екен. Ол қалалықтардың бір күндік тұтынатын суы. Адам басына шаққанда көрсеткіш 250 литрден аспауы керек. Үздіксіз сапалы су пайдаланғыңыз келсе, онда ысырапшылдыққа жол бермеу жағын ойланғанымыз абзал.

 

Самат Есмағи