Мәдениет

Зейнеткерлер шығармашылығы Жеңіс мерекесіне арналады

 

Майдан әндерінің фестиваліне аға буын өкілдері көптеп жиылды. Петропавл ауыр машина жасау зауытында 35 жыл еңбек еткен Сапар Таспаев та байқаудан шет қалған жоқ. Қазір құрметті еңбек демалысында жүрген қарт, домбырасын қолынан тастаған емес. Өткен жылы республикалық жарыстарға да қатысып қайтқан.

Ал Петропавл қаласы ардагерлер хорының дирижеры Иван Мищенко  іріктеу сынына 4 әнін алып келген. Бүгінде ол жетекшілік ететін хордың құрылғанына 30 жыл толыпты.

 

Иван Мищенко, Петропавл қалалық ардагерлер хорының дирижері, ҚР мәдениет қайраткері:

-Келер жылы ҰОС-на 70 жыл толады. Маңызды мерейтой қарсаңында біздің ұжым оған дайындықтан тыс қалмақ емес. Ұжымымызда соғыс тақырыбына арналған бірнеше әндер жинақталған. Бір жағынан алып қарасақ, мұндай шаралар өскелең жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді ұлғайтып, еліне деген сүйіспеншілігін арттыруға себін тигізбек.

 

Қарт адамдардың фестивалі ән салу, инструменталдық орындау, музыкалық және ауызша фольклор, би конкурсы сияқты 8 номинациядан тұрады. Барлық қатысушыларды әділқазылар алқасы жіті бағаламақ.

 

Сара Тасеменова, Петропавл қаласы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:

-Бұл сайысты соғыстың 70 жылдық мерекесі қарсаңында ҚР-ның орталық ардагерлер кеңесінің шешімімен өткізіп жатырмыз. Бірінші кезең – биылғы жылдың наурыз-мамыр айында, екінші облыстық кезең – қазан-желтоқсанда, ал соңғы сында іріктелгендер келер жылы сәуір-мамыр аралығында республикалық кезеңде өнер көрсетпек.

 

Өнер додасына қатысатын әжелердің жасы 55-тен, ал ер-азаматтардың жасы 60 жастан асуы керек. Барлық қатысушылар 1, 2 және 3 дәрежелі дипломдармен марапатталмақ. Ұлы жеңістің 70 жылдық мерейтойы да алыс емес, дегенмен, ел үшін жанын берген ардагерлердің қатары сиреп барады. Кейінгі ұрпақ олардың ерліктерін ұмытпаса болғаны.

 

Бақыт Сәдуақасов