Қоғам

Қызылжарлық кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарламалармен таныстырылды

 

Талғат Сақановтың бизнеспен айналысып жүргеніне 10 жылға жуықтаған. Ол ауыл тұрғындарына көкөніс, жеміс сатады. Кәсібін кеңейтіп, дәмхана мен техникалық қызмет көрсететін орталық ашпақ ойда. Әзірге жоспарлаған ісіне қажетті соманың жартысынан көбін жинапты. Енді, 5-6 млн теңгедей ақша керек. Сондықтан Талғат Сақанов мемлекет тарапынан берілген көмектерге жүгінсем дейді.

Талғат Сақанов, “Сақанов” ЖК директоры, Қызылжар ауданы:

– Дәмхананы тұрғыздық. Енді ішкі жұмыстары қалды. Және жиһаз керек. Оған қаражат жетпей жатыр.

 

Өз ісін ашамын деген іскер жанға бүгінде Үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек молынан. Бұндай қолдауға қазіргі күні ерлермен бірдей иық теңестіріп жүрген нәзік жандылар да ие болуда. Сондайлардың бірі – Виктория Редькина. Осыдан бірнеше жыл бұрын бизнесвумен мемлекеттің қолдауына жүгініп, 4 млн теңге алып, өз аулы Нолобинда дүкен мен екі дәріхана ашыпты.

 

Виктория Редькина, “Ревю плюс” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

– Екі жылдан бері бизнеспен айналысып келемін. Алға қойған жоспарларым да ауқымды. Дәріхананы көбейтсем деймін. Сондықтан Үкімет қолдауына тағы бір жүгінгім келеді. Өйткені, әрдайым мемлекеттік бағдарламалардың шарттары мен тиімділігі өзгеріп отырады.

 

Өткен жылы “Сыбаға” бағдарламасы бойынша 26 өтініш түскен. Нәтижесінде кәсіпкерлерге 225 млн теңге қаражат беріліпті, 6 пайыздық ставкамен 6 жылға. Ал, биылғы жылы “Бизнестің жол картасы-2020” мемлекеттік бағдарламасының көмегіне жүгінгендер 46 өтініш түсірген. Олардың барлығына несие беріліпті.

 

Рустен Байтеленов, СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасының бас маманы:

– Ауылдарда бизнесті дамыту мақсатында мемлекеттік органдар мен қаржы институттары өкілдерінен жұмыс тобы құрылды. Сөйтіп, өңірдегі барлық аудандарда мемлекеттік бағдарламалардың әлеуетін түсіндіріп жүрміз. Бұның бәрі кәсіпкерліктің өрісін кеңейтуге бағытталған шаралар. Осы арқылы экономикамызды дамытамыз.

 

Мемлекеттік бағдарламалардың шарттары және тиімділігімен танысқан қызылжарлықтар жұмыс тобының өкілдеріне өздерін толғандырған сауалдарын қойды.

 

Бану Ахметова