Қоғам

“Аялаған Астана” жобасы Петропавлда

«Аялаған Астана» жобасы жас дарындарға жол ашады. Сондықтан ұлттық байқауда өз бағын сынап көруге петропавлдық Зарина Молдахметова да бел буған. 9 жасар оқушы бұл сынға екінші рет қатысуда. Сахнаға шықпас бұрын дайындап әкелген әнін тағы бір пысықтап жатыр.

 

Зарина Молдахметова, байқауға қатысушы:

– Мен мұндай байқауларға талай рет қатысқанмын. Осы “Аялаған Астана” байқауынан өтіп, алдағы Астана мен Алматыда өтетін байқауларға қатысамын деп ойлаймын.

 

Заринамен бірге байқауда өз бағын оның құрбысы 8 жасар Динара Бекешова да сынауда. Бұған дейін талай байқауларда топ жарған кішкентай әнші қыздың дайындығы жаман емес. Болашақ эстрада жұлдыздарының қатарын толықтыратын Динара сайысқа екі әнді дайындап әкеліпті.

 

Динара Бекешева, байқауға қатысушы:

– Мен әр түрлі әндерді орындаймын. Менің дайындығым өте жақсы. Мен бүгін Болатбек Батырбаевтың “Ассалаумағалейкум” мен Роза Рымбаеваның “Қазақтың дәстүрлері” орындаймын. Бұл әндер маған ерекше ұнайды.

 

Міне, “Аялаған Астана” балалар ұлттық музыкалық теледидар байқауының өңірдегі іріктеу кезеңі де басталды.

Сөйтіп, 20 қатысушы бірінен кейін бірі сахнада ән шырқап жатыр. Ал жас дарындардың өнерін қазылар алқасының мүшелері,  Қазақстанға танымал әншілер Айқын Төлепберген мен Әлішер Кәрімов салмақтауда.

Былтыр біздің өңірден бұл республикалық байқауға өкінішке қарай ешкім өте алмаған болатын. Жобаға осымен екінші рет қазылық етіп отырған Айқын биыл солтүстікқазақстандықтардың арасынан дарындар табылатынына сенім білдірді. Бұл жобаға 8 -12 жас аралығындағы балалар қатысуда. Байқау еліміздің барлық облыстарында кезекпен ұйымдастырылып отыр.

 

Батыржан Тазабеков, “Аялаған Астана” балалар ұлттық музыкалық теледидар байқауының жүргізушісі:

– Байқаудың мақсаты “Новая Волнаға” іріктеу. Қазақстанның атынан талантты балаларды жіберу. Мықты дауыс болу керек. Сахнада өзіңді еркін ұсау керек.

 

Бұл жобаға барлығы елімізден 1 мыңнан астам жас әнші қатысуда. Әр өңірдегі кастинг бейнетаспаға жазылады. Дарындылардың өнерін Алматы мен Мәскеудегі әділқазылар бағаламақ. Жартылай финалға жолдама алғандардың есімдері мамыр айында белгілі болады. Кейіннен жеңімпаздар Сочиде өтетін байқауда ел намысын қорғамақ.

 

Бану Ахметова