Қоғам

Петропавлда сенбілік күні 450 тонна қоқыс шығарылып, 300 түп ағаш егілді

 

Таңмен таласып оянған жұрт 19 сәуірде әдеттегідей жұмысқа немесе сабаққа емес, сенбілікке асықты. Бұл күні СҚО табиғат ресурстары және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы, экология департаменті мен қаржы полициясы өкілдері, қала тұрғындары облыс орталығының тазалығын сақтауға білек сыбана кіріскен. ХҚКО жанындағы саябаққа 80-ге жуық адам бірігіп, 300 түп қайың және қылқан жапырақты көшеттер отырғызды.

 

Анатолий Усольцев, СҚО табиғат ресурстары және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

-Осындай сенбілікке барлығы да белсенді қатысуға міндетті. Қаланың тазалығы ең алдымен өзімізге жақсы, кейін меймандар да қала көшелеріне қарап, оның тұрғындарына баға береді. Жалпы облыс бойынша 24 000-ға жуық көшет отырғызылады. Дені – қайың мен қарағай. Бұл ағаштардың жапырағы мен қылқаны ауадағы көмірқышқылды жақсы сіңіреді.

 

Нұрлан Жахин, СҚО бойынша экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз хатшысы:

-Біздің департамент 20 түп қайың ағашын отырғызып жатыр. Қаржы полициясы қылмыстарды ғана тергеумен айналыспай, сонымен қатар әлеуметтік жұмыстарға белсене қатысып, жалғызбасты аналарға, жетім балаларға қайырымдылық акцияларын жиі жасап тұрады.

 

Мемлекеттік қызметшілердің қалған бөлігі қаланың шетіндегі «Солтүстік жұлдызы» саябағының маңын күл-қоқыстан тазартып, жас көшеттер отырғызды. Жерлестеріміз қаланы сүйемін деген азамат өз сезімін сөзбен емес, іспен дәлелдеу керек деген пікірде.

Бұл сенбілік ҰОС-ның 69 жылдығына орайластырылғандықтан оған 30 мыңға жуық азамат өз үлесін қосты. Олар қаланы қоқыстан тазартып, көгалдандырумен қатар, мыңға жуық қайың, қылқан жапырақты ағаш отырғызды. Бұл көшеттер ылғалдылықты сақтап, қала тұрғындарын жел мен шаң-тозаңнан қорғайды.

 

Қайролла Ғалеев, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

-Біз 1600 түп ағаш отырғыздық. Сенбілікке облыстық, қалалық әкімдіктің қызметкерлері қатысты. Мен алда болатын сенбілікте тұрғындарға үйдің маңайындағы қоқыстардан дер кезінде тазартып, ағаш түптерін, бордюрларды әктеп, қалыпқа келтіріңіздер демекпін.

 

Жалпы өткен сенбілікте ұжымдар мыңға жуық гектар алқапты қоқыстан арылтып, 450 тонна тұрмыс қалдығын қала сыртына шығарды.

 

Берік Қасен