Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Самат Ескендіров “Единство” ЖШС-гіндегі жаңғырту жұмыстарымен танысты

 

Бүгінде “Единство” ЖШС темір-бетон бұйымдарын шығаратын зауыт деп айту қиын. Бұрынғы станоктардың үнін балға мен бұрғының дыбысы алмастырған. Өндіріс көлемін кеңейту мақсатында кәсіпорын басшылығы биылдың басынан кешенді жаңғырту жұмыстарын қолға алған. Облыс әкімі Самат Ескендіров құрылыс басында болып, атқарылған шаруамен танысты. Жоспардың негізгі ауқымы тындырылуға тәмам.

 

Игорь Коровин, Единство” ЖШС директоры:

– Бүгінде екі желідегі өндіріс залдары дайын. Енді құрылғыларды орнату керек. Ресей, Финляндия, Испания елдерінің озық деген қондырғыларын қоямыз. Бірінші желі күніне 1,5 метрлік 60 темір бетонды сақина шығаруға қауқарлы болады. Келесісінде плиталар құйылады. Үйдің құрылысына қажетті бар материал бір жерде өндіріледі. Толық қуатқа көшсек облыс сұранысын түгелімен қамтуға жетеді.

 

Жоба ауқымды. Зауытты заманауи үлгіде жаңғырту ісіне 70 құрылыс маманы тартылыпты. Жаңартылған кәсіпорын алдағы мамыр айында алғашқы өнімін шығармақшы. Белгіленген межеден қалыспай, тапсырыстан кешеуілдемес үшін жұмыстар екі ауысым бойынша атқарылып жатыр.

Өстіп жақын арада “Единство” ЖШС-нің базасында үй құрылысы комбинаты құрылмақ. Бұл Елбасының тапсырмасы. Жүктеме сәтті іске асса, сапалы баспана тұрғызу жылдам әрі қалта қақпайтын іске айналатын болады дейді мамандар.

 

Жеңіс Ермұқанов