Мәдениет

Италиялық опера әншілері Даниеле Дзанфардино мен Массимилиано Фикера Петропавлда өнер көрсетті

 

 

 

«’O sole mio».(О Соле мио)- бұл таза неополитандық ән. Яғни, сол тілден аударылғанда «менің күнім» деген мағынаны береді. Бұл туындыны барлық әлем халқы таниды. Соның ішінде қазақстандықтардың да сүйіп тыңдайтын әуеніне айналған. Оның сөзін 1898 жылы Джованни Капурро, әнін Эдуардо ди Капуа жазған. Содан бері атауы сан мәрте өзгеріске ұшырап, бірнеше шет тілдеріне аударылған. Теріскейліктер “О Соле мио” жырын меймандарға екі рет айтқызды. Петропавлдықтардың классикалық музыкаға сонша құмар екендігін көріп, Неаполь қаласының тумасы Даниеле Дзанфардино таң тамаша болды.

 

Даниеле Дзанфардино, тенор, Неаполь қаласы, Италия:

-Қазақстандық әріптестермен былтыр ғана таныстым. Онда біз Сицилия сахнасында дирижер Россинидің «Севильский Цирюльник» атты спектаклін бірге орындағанбыз. Енді міне сіздерге келдік. Мен Қазақстан жеріне аяқ басқаныма қуаныштымын. Өзім Неаполь қаласында тұрамын. Сондықтан ана тілімде де бірнеше ән бар.

 

Теріскейліктер, әсіресе, Массимилиано Фикераның баритон дауысына ғашық болды. Оның дауыс диапазонының кеңдігі соншалық, микрофонсыз-ақ даусы бүкіл залға анық естіліп тұрды.

 

Массимилиано Фикера, баритон, Сицилия аралы, Италия:

-Мені Қазақстанға шақырғанына қуанып тұрмын. Өз басым бельканто өнерін қолдаймын. Ол Шығыс пен Батыс, Жерорта теңізіне дейінгі халықтардың басын біріктіреді. Қазақстан мен Италияның экономикалық, мәдени әріптестігі мызғымасын. Біз екі елдің әртістері бірігіп, классикалық музыка сүйер қауымды бала кезден тәрбиелеу керекпіз. Мен мұны екі баланың әкесі ретінде айтып отырмын.

 

Итальяндықтар Еуропа, Азия, Африканың талай қалаларында өнер көрсеткен. Дегенмен, ТМД елдерінің бір де біреуіне келмепті. Қазақстан жеріне де алғаш аяқ басулары. Меймандарды теріскейге «Астана Опера» мемлекеттік академиялық опера және балет театрының симфониялық оркестрінің бас дирижері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитденов бастап келген. Былтыр аталмыш ұжым шілде айында Италияның Сицилия аймағында гастрольде болып қайтқан.

 

Абзал Мухитдинов, «Астана Опера» симфониялық оркестрінің дирижері, ҚР еңбегі сіңген қайраткері:

-Біз осы жігіттермен былтыр шілде айында Сицилияның Катанья, Ното және Джела қалаларында үлкен Гала-концерт ұйымдастырдық. Біз осылайша Қазақстан мен Италияның арасын жалғап тұратын үлкен мәдениет көпірін салғымыз келеді. Тіпті шетелдегі концертте сіздердегі облыстық филармонияның мүшелері де өнер көрсетті.

 

Концертке әсіресе егде жастағы адамдар көп келді. Алдыңғы орындарға ҰОС ардагерлері жайғасты. Олар қонақтардың әр шығармасын тағатсыздана күтумен болды. Себебі баршасы бұл әндерді жастық шағында жиі естіген.

Бел Кантро майталмандары теріскейліктерге осылайша, ұмытылмас әсер қалдырды.

Солтүстікқазақстандықтар сондай-ақ, облыстық филармонияның эстрада-симфониялық оркестрінің кәсібилігіне жоғары баға берді.

 

Берік Қасен