Қоғам

“Қолжетімді баспана-2020” бағдарламасындағы өзгерістер

Қазіргі таңда облыс орталығында “Қолжетімді баспана- 2020” бағдарламасы аясында 2 бірдей көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. 45 пәтерлісі қыркүйек айында халық игілігіне тапсырылмақ. Аталған бағдарламаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы соңғы Үкімет қаулысының бұл үйге қатысы жоқ дейді «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» облыстық филиалының директоры Балахмет Мөлдинов. 45 пәтердің барлығы қаржы институтының салымшыларына үлестірілген. Сондықтан, аталған пәтерлердің бір шаршы метрінің бағасы өзгеріссіз қалмақ. Қымбаттау жаңадан тұрғызылатын үйлерге қатысты.

 

Балахмет Мөлдинов, “Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ СҚФ директоры:

-3-класты үйлердегі бір шаршы метрдің бағасы 90 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін өсті. Ал 4-класс үшін 80 мың теңгеден 90 мың теңгеге дейін артты.

 

Қалай дегенмен де, бұл бағаның өзі нарықтағы пәтерлердікінен 30-35 пайызға төмен деп отыр банкир. Сондықтан, мемлекеттік бағдарламаның көмегіне жүгінетін тұрғындардың қатары қалыңдамаса, азайған жоқ. Береке ауданындағы екінші 93 пәтерлі баспананың құрылысы да биыл тәмамдалмақ. Әзірге бұл 3-сыныпты үйдің бір шаршы метрінің қаншаға бағаланатыны белгісіз. Алайда, қазірдің өзінде мұндағы әр пәтерге 6-7 адамнан үміттеніп отыр. Сонда не бары 93 шаңыраққа 611 жерлесіміз өтініш түсірген. Облыс орталығында салынған үйлерге кез-келген адам үміттене алса, еліміздің бас қаласы мен Алматыда қосымша талаптар қарастырылған.

 

Балахмет Мөлдинов, “Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ СҚФ директоры:

-Бұрын салысшыларымыз Алматы мен Астанадағы үйлерге де өтініш бере алатын. Ал қазір ол қалаларда үй алу үшін онда 2 жыл тұрып, тіркеуде болу керек.

 

Сондай-ақ, баспанасы бар немесе оны сатқанына 5 жыл өтпеген тұлғалар мемлекеттік бағдарламаға қатысу мүмкіндігінен айырылған.

 

Гүлмира Шоқтыбаева