Ауыл шаруашылығы

“Мәмбетов және К” серіктестігінде ғалымдар қара малдың сапасын тексеріп жатыр

Осылайша ультросоногрофтың көмегімен тірідей мал етінің сапасын анықтауға болады. Заманауи рентген құрылғысы тері астындағы май мен еттің сәйкестігін тайға таңба басқандай анық көрсетеді. Сондай-ақ көпшіліктің талғамына басты көрсеткіш өнімнің түсіне қарап, дәмінің қандай болатындығын білу мүмкіндігі де туған.

 

Ануарбек Бисембаев, “Мал шаруашылығы және ветеринария ғылыми-инновациялық орталығы” ЖШС аға ғылыми қызметкері:

– 12 мен 13-ші қабырғаларының арасындағы бұлшық ет көлемін өлшеп аламыз. Ультрақұрылғы еттің ақшылттау мәр-мәр түстес екенін көрсетсе, сапасы мен дәмінің тіл үйіретіндігіне шүбә келтіруге болмайды. Гурмандар іздеп жүріп таба алмайтын сөлді ет қой ол. Сондай-ақ өсу қарқынын анықтап, бір келі салмаққа қанша азық жұмсалатынын есептеп шығарамыз.

 

Мына біржылдық асыл тұқымды торпақтар тірідей 500 келіге дейін барады. Оның 62 пайызы таза ет салмағы. Жергілікті төл одан 20 пайызға төмен өнім береді екен. Сондай-ақ елордалық ғалымдар шетелдік зеңгі баба төлдерінің аталық ізі жойылмас үшін ұрпақ беру қауқарын зерделейді. Алынған ұрықтың өміршеңдігі мына жылжымалы зертханада 10 минуттың ішінде сараланады екен.

 

Рашит Өскенов, “Мал шаруашылығы және ветеринария ғылыми-инновациялық орталығы” ЖШС бас директоры:

– Мал шаруашылығы әлеуетін дамыту бағдарламасы аясында елімізге шетелден асыл тұқымды малдар көптеп келіп жатыр. Оның жемісін тату үшін ерекше күтім қажет. Жем-шөп базасы дәруменді болуы тиіс. Біз осының бәрін есептеп шаруаларға кеңес береміз. Басты мақсат генетикасын жоғалтпау.

 

Институт мамандары малдарды үздіксіз тексеріп тұрады. Қашықтықтан басқару үшін фермада бейнебақылау орнатылған. Тың бастаманы алғаш болып “Мамбетов және К” КС қолға алды. 2012 жылы асыл тұқымды мал репродукторы салынды. Сол кезде кешенге АҚШ-тан 200 бас “Абердино-Ангус” тұқымдас ірі қара жеткізілген. Мына тайыншалар Оклохома штатынан келген құнажындардың тұқымы. Облысымызда туып, бейімделіп қалған таналар өздері биыл бұзаулапты.

Үш қыстап шыққан жоғары өнімді төлдердің күйі жаман емес. Құнажындары тәулігіне – 1, аталығы 1,7 келіге дейін салмақ қосады екен. Бұны бұқаларды сараптаған ғалымдар айтып отыр. Келешекте көрсеткішті 2 келіге дейін жеткізу межеленіп отыр. Толық тексеріс қорытындысы шығарылған соң әр бастың өнімділігі жөніндегі анықтама беріледі. Үкіметтің қолдауымен ауыл еңбеккерлерінің тынымсыз жұмысының арқасында жергілікті агроқұрылымдар шекара аспай-ақ, өзара мал алысып, тәжірибе бөлісетін кезге жетті. Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалаған қашанда тиімді.

 

Жеңіс Ермұқанов