Қоғам

Бейбіт өмір сыйлағандар

 

Сексеннің сеңгіріне шығып, тоқсанның төріне таяған Петр Гладков әлі тың. Жалғызбасты қарияның денсаулығы сергек, қимылы ширақ. Үй шаруашылығындағы істерді өзі атқарады. Тіпті әлеуметтік қызметшілердің көмегінен де бас тартыпты. Жер кебісімен әдеттегідей күнін таза ауада өткізіп, бағбандықпен айналысамын дейді. Тұқым бастыруға көкөніс көшеттерін де дайындап қойған. ҰОС ардагері жеңістің 69 жылдығын қарсы алуға асық. Орден, медальдармен көмкерілген парадтық костюмін  Ұлы мейрамға бүгіннен сайлап қойыпты.

Петр Матвеевич сол сұрапыл жылдары қан майданға 17 жасында атаныпты. 1943 жылы Украинадағы ұрыстардың алдыңғы шебінде жүрген қайсар жауынгердің бірі атқыштар полкінің барлау тобының сержанты болған. Ел басына қара бұлт үйірілгенде Отан деген ыстық ұғыммен жігерленген бозбала Ұлы жеңіс жолында жаумен алысты. Тұтқында қалған елді мекендерді басқыншылардан тазартуда ерен ерлігімен көзге түсті.

 

Петр Гладков, ҰОС ардагері:

– Шайқастарда екі мәрте ауыр жараландым. Біріншісінен айығып қайта қатарға қосылдым. 1945 жылы алған жарам жеңіс күніне дейін соғысуыма мүмкіндік бермеді. Госпитальда жатқанымда қару-жарақ, зеңбіректерден оқ жаудырылды. Кейін білгенімдей бұл бейбіт өмірдің жеңісті от шашуы екен. Қуанғаннан таңылған төсегімнен тұрып кетіппін.

 

Кейін кіндік қаны тамған Солтүстік Қазақстан өңіріне оралып, отбасын құрды. Сұм соғыс күйреткен экономиканы көтеруге атсалысып, ауыл шаруашылығында бригадир болып қызмет етті. Тың және тыңайған жерлерді игеруге атсалысып, бірқатар кеуде белгісімен марапатталды.

 

Петр Гладков, ҰОС ардагері:

– Биыл 92 мың 600 теңгенің бір реттік жәрдем ақысы беріледі. Зейнетақымыз жоғары. Осымен 7 жыл жалғыз тұрамын. Өзіме жетіп артылады. 2 баламнан сүйген 2 немерем мен  4 шөберем бар. Олар келгенде базарлық ретінде сый жасауыма да жетеді. Ең бастысы қайырымды ұрпақ мені еш уақытта ұмытпайды. Келіп көмектесеміз дейді. Қол-аяғым сау, бар шаруаны өзім тындыруға әлі жараймын. Маған керегі жастардың әңгімесінен күш-қуат жинау.

 

Егемендіктің шуақты күндерін көрген ардагерлеріміздің қатары күн санап сиреп барады. Бүгінде қаламызда 181-нің көзі тірі. Бұл Петр Гладковтың естелік дәптеріне түртілген соңғы мәлімет. Қайырымды ұрпақ  Отан үшін отқа түскен боздақтардың есімін ұлықтауы керек дейді. Соғыс даласынан оралмаған майдандастарына бағыштап бірер-ауыз өлең жазуды әдетке айналдырған.

Құрметті демалыста отырса да, қоғамдық шараларға үн қосып жүр. Облыстық, қалалық ардагерлер кеңесінің белсенді мүшелерінің бірі. Бүгіндегі басты мақсатым келешек ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіру дейді қария. Сондықтан оқу мекемелерінің шақыртуын қуана қабылдайды. Бос уақытында газет-журнал оқығанды жақсы көреді екен. Жанарының көру қабілеті әлі сыр бермеген. Тышқан ізіндей кішкене жазуларды да оқуға мұршам бар деп марқайып отыр.

Уақыт өткен сайын кейінгі ұрпаққа бейбіт аспан сыйлаған соғыс ардагерлерінің қатары сиреп барады. Оларға құрмет көрсету – кейінгі толқынның міндеті.

 

Жеңіс Ермұқанов