Қоғам

Уылдырық шашу кезінде балық аулауға болмайды

 

Слеті мен Есіл өзендерінде, сондай-ақ, су қоймаларының бөгендерінде сәуірдің 20-сынан мамырдың 20-ына дейін балық аулауға тыйым салынған. Ал шортан, аққайран, көксеркені 15 сәуірден 15 мамырға дейін аулауға болмайды.

 

Николай Трошихин, СҚО балық инспекциясы бөлімінің бас маманы:

– Тұқы мен сазан балықтарын аулауға салынған тыйымның мерзімі 20 мамыр мен 20 маусым аралығын қамтыса, гаммарус балығын аулауға шектеу 1 тамыздан 14 қыркүйекке дейін қойылды. Артемия цистасын аулауға 1 наурыз бен 15 маусым аралығында рұқсат жоқ. Ал, өзен шаяндарын 1 маусым мен 15 шілде аралығында ұстауға болмайды.

 

Бұндай шектеулер су жануарларының еш кедергісіз көбеюіне мүмкіндік береді дейді облыстық балық инспекциясының мамандары. Осы кезеңде облыс аумағындағы өзен-көлдер қорықшылардың қатаң бақылауына алынбақ. Ал жалға алынған көлдерден инспекцияның рұқсаты болса алабұға, шабақ, ақтабан сынды балықтың кей түрлерін қармаққа түсіруге болады. Ал иесіз жерлерден еш құжатсыз 5 кг-нан артық балық аулаудың арты соқпақты.

 

Ильдар Какимов, СҚО балық инспекциясы бөлімінің бас маманы:

-Біз үнемі бақылау жұмыстарын жүргіземіз. Кей заңбұзушылар бірнеше реттен ұсталып жатады. Біз оларға хаттама толтырып, әкімшілік жауапкершілікке тартамыз. Айталық, өткен аптада ғана нақ осы жерде түнгі уақытта 3 заңсыз балық аулап жатқан азаматты ұстадық. Қазір оларға қатысты іс сотқа жіберілді.

 

Мына құрылғыны балықшылар қолдан жасап, су жануарларын сүзуде қолданады екен. Дегенмен, қондырғы тыйым салынғандарының қатарында. Бұдан өзге де балық аулауға рұқсат етілмеген құралдар баршылық.

 

Николай Трошихин, СҚО балық инспекциясы бөлімінің бас маманы:

– Синтетикалық нейлонды және пластикалық, полиамидті көп жіпті, көп талшықты тормен балық ұстауға рұқсат етілмейді. Сондай ақ, электрұстағыш жүйемен, қандай да бір қондырғылармен, жарылғыш, улағыш заттармен, қарумен балық аулауға тыйым салынады.

 

Ескертулер мен тыйымға қарамастан, жыл басынан бері облыстың су көздерінде заңсыз балық аулаудың 30-дан астам фактісі тіркелген.

 

Мағжан Ахмадина