Қоғам

Статистика департаменті бірінші тоқсанды қорытындылады

 

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өңірімізде жыл басынан 138 жаңа заңды тұлға тіркелген. Солтүстікқазақстандықтардың орташа күнкөріс деңгейі 2013 сәйкес мерзімімен салыстырғанда 4,5 пайызға артыпты. Оны БАҚ өкілдерімен өткізген брифинг барысында статистика департаментінің басшысы жария етті.

 

Ольга Перепечина, СҚО статистика департаментінің жетекшісі:

– Жан басына шаққандағы облыс тұрғындарының орташа күнкөріс деңгейі 4,5 пайызға артып отыр. Ол шамамен 16 500 теңгені құрайды. Одан халықтың күнделікті тұтынатын азық-түлік түрлеріне қолжетімді екендігін аңғаруға болады.

Ал еңбекпен қамтуда бірқатар салалардың көрсеткіш деңгейі өзгеріссіз. Ең көп жұмыс орны білім, ауылшаруашылығы, орман шаруашылы, өндіріс пен денсаулық бағыттарына тиесілі. Бірақ ең жоғары жалақы көлік саласына тиесілі. Олардың айлықтары 113,5 мың теңгені құраса, ең төменгісі ауылшаруашылығы еңбеккерлеріне тиесілі –  50700. Инфляция деңгейі республикалық көрсеткішпен тең -3,3 пайыз. Көрсеткіштің бұлайша қалыптасуына тұрмысқа қажетті заттардың қымбаттауы себеп болған. Ол жыл басынан 5 пайызға өссе, азық-түлік құны 3 пайызға жоғарылапты. Десек те бірінші тоқсанда солтүстікқазақстандықтар жасаған сауда -саттықтары 26,5 миллиард теңгеге жуық.

 

Ольга Перепечина, СҚО статистика департаментінің жетекшісі:

– Кәсіпорындардың өткізген тауар құны 14,1 миллиард теңге. Ол өткен жылдың сәйкес мерзімінен 105,9 пайызға жоғары. Ал жеке кәсіпкерлердің саудаға шығарған тауарлары 12,4 миллиард теңге. Былтырғыдан 143,9 пайызға артық.

 

Өңіріміздің демографиялық ахуалына келсек, халықтың жалпы саны 575 232 адамды құрайды. Ол былтырғы көрсеткіштен төмен. Статист мамандар оны миграциялық жағдаймен түсіндіріп отыр. Тек жыл басынан 1 мың адам сыртқа қоныс аударған. Дені Ресей мен Белоруссияға кетіпті.

 

Самат Есмағи