Қоғам

Сот орындаушылары мен полицейлердің бірлескен рейді

 

Міне, сот орындаушылары жол сақшыларымен бірігіп, кез-келген жүргізушіні ірі сауда нүктелерінің маңында тоқтатып, мемлекетке берешегінің бар-жоқтығын тексеріп жатыр.

Қаланың мына тұрғыны 2010 жылдан бері 5 бірдей қарызын өтемеген. Бүгін сәті түсіп, жүргізуші мойнына тағылған 25 мың теңге қарызын жақын маңдағы кассалардың бірінде өтеп, мемлекет алдындағы берешегінен құтылды.

 

Бауыржан Ахметжанов, СҚО сот актілерін орындау жөніндегі департаментінің қызметкері

-Біздің базамыз күн сайын жаңарып тұрады. Кемінде тізімге 30 күн ішінде айыппұлын төлемеген 1000 азамат енгізіледі. Мұнда жүргізушілердің жол ережесін бұзған уақытына дейін тіркелген. Біз қазір жеке тұлғаның жүргізуші куәлігі мен көлігінің тіркеуден өткендігі туралы қағазын тексеріп жатырмыз. Берешегі көп азаматтардың жеке мүліктерін уақытша тәркілейміз.

 

Бұл рейд аптасына екі рет сағат 10-нан кешкі 6-ға дейін өтіп тұрады. Нәтижесінде сәуірдің 16-ында түске дейін 2 борышкер құрықталды. Ал, күннің екінші жартысында «Тайга» базарының маңынан өткен әрбір үшінші көлік иесінің кемінде 3 айыппұлы бар болып шықты.

Елена Скакунова, СҚО сот актілерін орындау жөніндегі департаметінің баспасөз хатшысы:

-Бұдан былай борышкер қарызын 30 күн ішінде өтемесе, сот алдына ай сайын келіп түсініктеме беруі қажет. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 524 бабына енгізілген өзгерістерге сәйкес, егер борышкердің тұрақты табысы бола тұрып, қарызын өтемеген жағдайда, ол әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

 

Мәселен, қаланың мына тұрғыны сот орындаушылары мен тәртіп сақшыларын 2010 жылдан бері әбігерге салып жүр. Жол ережесін 4 мәрте бұзған жүгенсізге 65 мың теңгенің әкімшілік айыппұлы салынған. Бүгін оның темір тұлпары бірден тәркіленіп, айып тұрағына жіберілді.

Жалпы жыл басынан бері облыстық сот актілерін орындау департаментінде жалпы сомасы 716 млн. теңге болатын 36 мың 158 дана атқару құжаты өндіріске түскен. Соңғы 3 айдың ішінде оның 9 300-ден астамы орындалыпты.

 

Берік Қасен