Балалар

Мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылу барысы

 

Жастарды толғандыратын мәселе көп. Ол баспана, талапқа сай білім алу, тұрақты еңбекке қол жеткізу. Бұл бағытта облыста ауқымды жұмыстар тындырылып жатыр. Өңіріміздегі жалпы халықтың 24 пайызын,яғни 130 мыңнан астамын жастар құрайды. Өткен жылы нақ осы жастар саясаты мәселелері жөніндегі салаға 71 млн теңгеден астам қаржы бағытталыпты. Ал бүгіндері ол сома 106 млн теңгеден асып жығылған. Атқарылған іс сапалы болды ма?

 

Виктор Молодовский,СҚО жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы:

-Ағымдағы жылы 53 әлеуметтік маңызды жоба әзірлеуді көздеп отырмыз. Олардың 12-сі осы жастар саясаты мәселелері жөніндегі жұмыстарға бағытталмақ. Ағымдағы жылдың өзінде жас буынның қатысуымен 4 мыңға жуық шара өтті.

 

Өткен жылы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында өңірімізге 375 жас маман келіпті. Ал «Жасыл ел» еңбек отрядында 328 азамат өз нәпақасын тапқан. Жиында журналистер мүмкіндігі шектеулі жастарды жұмыспен қамту мәселесі өңірімізде қалай жүзеге асырылып жатқандығын сұрастырды.

 

Ксения Куценко, МТРА тілшісі:

-Соңғы кездері мүгедектерді жұмыспен қамту мәселесі өзекті болып отыр. Осы тұрғыда сіздердің ведомствода қандай шаралар жүргізілуде?

Виктор Молодовский, СҚО жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы:

-Жуырда депутатттыққа сайланған Владимир Эрман осы мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға арналған жаңа штаб құру жөнінде өз ұсынысын жасады. Петропавлда ғана 840-тан астам мүгедек жас бар. Солардың тек 23-і екі қолға бір күрек тапқан. Сондықтан біз осы штабтың көмегімен кәсіпкерлерді  осындай жандарды жұмыспен қамтуға шақырмақпыз.

 

БАҚ өкілдері тарапынан жастар үйі құрылысының қашан басталатындығы жөнінде сауалдар түсіп жатты. Ведомство басшысы Виктор Молодовскийдің айтуынша, келесі аптада аталмыш нысанның құрылысы қолға алынбақ.

 

Мағжан Ахмадина