Мәдениет

Әнші Біржан Есжановтың алғашқы жеке концерті

Дәстүрлі әндерді орындаушы Біржан Есжановтың шығармашылық кешін өңір халқы асыға күткен. Сондықтан, өнер иесінің концертін тамашалауға облыс орталығымен қоса, аудандардан да аға буын өкілдері көптеп жиналды.

 

Бейсен Құлшықов, Есіл ауданы:

-Шығармашылығына табыс тілеймін. Өнері өрге өссін. Осындай қазақтың өнерлі жастары көбейе берсін. Жас келген пенсиядағы адамдар концерттерін, өнерлерін қызықтай берейік.

 

Жарқын Қасенова, қала тұрғыны:

-Сондай бір баламыз бар – Біржан деген. Тағы да қосылатын жігіттер бар шығар. Ризамыз осылай келгенімізге, ризамыз, демаламыз, көреміз.

 

Дәстүрлі ән орындаушысының бұл жұртшылық алдындағы алғашқы шығармашылық кеші. Бірінші кезекте Біржан сахна төрінде Үкілі Ыбырайдың “Гәкку” әнін тебірене шырқады.

Жас дарын иесін қолдауға оның өнердегі дос-жарандары да келіпті. Әрине құралақан емес, кеште күмбірлеген күйді төгілтіп, халыққа тарту жасады.

Дәстүрлі әнші қазіргі таңда репертуарына 200-ге тарта халық туындысын жинаған. Дарын иесі мұнымен тоқтап қалмақ емес. Осы күні  Ұлттық өнер университетінің соңғы курсында білім алып жатқан жерлесіміз өзі де ән жазып жүр.

 

Біржан Есжанов, халықаралық және республикалық ән байқауларының  лауреаты:

-Алла қаласа халық әндері орындалады. Бабаларымыздан бастаймыз, осы жақтың тумалары – Ақан сері, Біржан салдарымыз, өзіміздің кейінгі дарабоз, озық атамыз Кәкімбек Салықовтың әндері орындалады.

 

Алдыңғы буын өкілдері жас дарынның шығармашылығына жоғары баға беруде.

 

Дәулеткерей Кәпұлы, ақын, “Дарын” мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:

-Жас буынға ұлттық өнердің, соның ішінде дәстүрлі әннің насихатын күшейту керек. Дәстүрлі әнші колледжде оқиды, одан соң жоғарғы оқу орнында оқиды. Оның өзінің бойында ұстаздарынан алған домбыра ұстағаннан бастап, жоғарғы оқу орнын бітіргенге дейінгі әндері өте көп.

 

Біржанның алдағы уақытта да жеке ән кештерін өткізу жоспарлары бар. Домбыраны жанына серік еткен дарынды жігіт дәстүрлі әндердің насихатын мықтап қолға алмақшы.

 

Бақыт Сәдуақасов