Білім

Ағылшын тілін меңгерген студенттер шетелде оқи алады

 

Шетелде 1 семестр оқып қайтқан студенттердің бірі- Асылхан Самархан. Асылхан СҚМУ Тіл және әдебиет факультетінің Герман филологиясы кафедрасының 2 курсында оқиды. Болашақ ағылшын және неміс тілдерінің мұғалімі өткен жылдың қыркүйек айында Венгрия мемлекетіне барып, 5 ай білім алып қайтты.

Болашақ экономист Нұрсұлтан Әубәкіров болса, Польшада білімін толықтырған. Нұрсұлтан Европада белгілі профессорлардан білім алып, емтихандарын да жақсы бағаға тапсырыпты.

Бұл жоғарғы оқу орнында 2011 жылы “Халықаралық байланыс және академиялық мобильдік” орталығы ашылыпты. Сол уақыттан бері университеттің студенттері шетелдерде білім алуда.

Мәселен, өткен жылы Еуропа мен АҚШ мемлекеттерінде 11 студент 1 семестр білім алып қайтыпты. Олар тек өздерінің оқуларына ғана төлесе, қалған қаражатты жергілікті университет бөлген. Ал, жалпы орташа есеппен алғанда бір студенттің шетелде оқуына 1 мың еуро керек екен.

 

Ханат Қасенов, “Халықаралық байланыс және академиялық мобильдік” орталығының жетекшісі:

– Студенттерге сапалы білім беру мақсатында біздің осы орталық құрылған болатын. Ал, былтырдан бастап сырттай академиялық мобильдік бағдарламасын жүзеге асыра бастадық. Нәтижесінде 6 студент экономикалық бағытта, 1-еуі радиотехника, электроника және телекоммуникацияда, екі студент қаржы және шет тілдері мен тағы екеуі техникалық мамандықтар бойынша 1 семестр бойы оқып қайтты.

 

Шетелдерде білім алуға кез-келген азамат бара алмайды. Оқуда озат болып, ағылшын тілін жетік меңгерген деген сертификаты болуы тиіс. Ал, мұндай талаптарға сай ЖОО-ның 15 студенті күзгі семестрде шетелде білім алуға аттанбақ.

 

Бану Ахметова