Қоғам

Ұлы Отан соғысы жылдары 70 мыңнан астам солтүстікқазақстандық майданға аттанды

 

Аралағаш ауылының тумасы Қасым Жүнісов 7 сыныпты бітіре сала, еңбекке араласқан. Шөп шауып, өгізбен жер жыртқан. Соғыс жылдары яғни, 1942 жылы Ташкенттегі пулемет училищесіне қабылданады. Ал 43-тің жазында оны аяқтап, Курск түбіндегі шайқастың қақ ортасына түскен. Ардагер Харьковты Кеңес әскерінің алған кезін ерекше тебіреніспен еске алады. Қарша бораған оқтың арасында жүріп, ауыр жарақаттанған.

 

Қасым Жүнісов, ҰОС ардагері:

1944 жылы қаңтарда снарядтан екі аяғым жараланды. Госпитальда көп жаттым.

 

Жеңіс күнін Қасым Жүнісов Байкал жазығындағы шағын ғана Даурия станциясында қарсы алыпты. Сұрапыл соғыс аяқталған соң екі жылдан кейін ғана ардагер елге оралады. Оқуын жалғастырады.

 

Қасым Жүнісов, ҰОС ардагері:

1947 жылы Петропавлдағы мұғалімдер институтына түстім. Жоғарғы білім алдым.

 

«Құрмет», «Қызыл жұлдыз» ордендерінің, ондаған медальдардың иегері, соғыс және еңбек ардагері Қасым Жүнісов бүгінде 4 баланың әкесі, 4 немере мен 3 шөберенің сүйікті атасы. Ол сүйген жары Иранбағы әжеймен 64 жыл отасыпты.

 

Иранбағы Дүйсенова, Қ.Жүнісовтың жары, тыл ардагері:

– Біз пединститутта таныстық. Бір-бірімізге бірден көзіміз түсті. Өйткені маған оның салқынқандылығы мен ерекше салмақтылығы ұнайтын. Қазір бақытты отбасымыз. Әрдайым балаларымыз келіп, ылғи кең дастархан басында жиыламыз.

 

Осы күнге дейін қария қол қусырып отырмайды. Далада серуендеуді ұнатады. Әлемде болып жатқан жаңалықтардан да қалыс қалмай, үнемі ақпараттарды назардан жібермейді. Ал 5-ші маусымда жеңісті жақындатқан ардагер атамыз 90 жасқа келген мерейтойын тойламақ.

 

Мағжан Ахмадина