Қоғам

Сәуірдің 19-ында “Саланг” әскери-патриоттық клубының “Іздеушілер” тобы халықаралық зерде вахтасына аттанбақ

 

 

Мына аядай ғана бөлмеде оқ-дәрі, қару-жарақ, әскери заттардан бөлек, ұлы отан соғысы жауынгерлерінің үй ішіне жазған хаттары, күнделікті қолданған тарақ пен тіс щеткасына дейін сақталған. Мына су құятын шыны құтыны әскер қатарына жаңадан қабылданған сарбаздар ғана пайдаланыпты. “Саланг” әскери-патриоттық клубының жетекшісі Александр Азеговтың айтуы бойынша, өмір мен өлімнің екі ортасында жанын шүберекке түйіп жүрген сарбаздар сол кезде өз есімдері мен тегін осы заттарға жазып қалдырған. Мұндай белгілердің арқасында жарты ғасырдан асса да, майдан даласында өлім құшқан олардың сүйегін туған-туыстарына қайтаруға мүмкіндік туып отыр. Сондай-ақ бұл бөлмеге жауынгерлердің өз қолымен жасаған пеші қойылған. Отан қорғаушылар жылыту құралын азық-түлік салатын термос пен канистрден жасап алыпты. Ал мынау – жерге құлап жарылған бомбалардың күйі. Жалпы мұражайға 3000-нан астам жәдігер қойылған. Олардың барлығын клуб мүшелері соғыс өткен аудандарда жүргізген іздеу жұмыстарының барысында анықтапты.

 

Александр Азегов, “Саланг” әскери-патриоттық клубы” ҚБ жетекшісі, Ауған соғысының ардагері:

-Өз басым халықаралық экспедицияға 22-ші рет бара жатырмын. Содан бері жинаған дүниелерімнің бәрін осы мұражайға қойдым. Ішінде бірінші дүниежүзілік соғыстан қалған қару-жарақтар бар. Сондай-ақ, немістердің киген каскалары мен асынған қаруларын да бұл жерден көре аласыздар. Мен осы мұражай арқылы ұрпақтар сабақтастығын жалғастырғым келеді. Кейінгі ұрпақ осы жәдігерлерді көрсе, өмірге, тарихқа деген көзқарасы түзу боларына кәміл сенемін.

 

Сондай-ақ, әскери-патриоттық клубта бүгінде қырыққа жуық тәрбиеленуші алғашқы әскери дайындықтан өтуде. Мұнда олар спортпен айналысып, қоян-қолтық күрес әдістерін, қарудан атуды, парашютпен секіруді үйренеді.

 

Владимир Пекарский, “Саланг” әскери-патриоттық клубы” ҚБ нұсқаушысы:

-Осы клубқа 3 жыл бұрын келген болатынмын. Бұл жерде көп дүниені үйрендім. Аптасына үш рет келіп, дене тәрбиесімен шұғылданамын. Ережесіз жекпе-жек әдістерін, мылтықтан атуды меңгердім. Кейін жинақтаған тәжірибем әскер қатарына шақырылғанда септігін тигізді.

 

Жақында осы клубтың 12 мүшесінен жасақталған “Іздеушілер” тобы Ресейдің басқа да облыстарына барып, ҰОС-сы жауынгерлерінің сүйегін іздестіру жұмыстарын жалғастырмақ.

 

Берік Қасен