ТЖ

Құтқарушылар үшін қауырт маусым басталды

 

Өңірімізде 2014 жылдың алғашқы тоқсанында былтырдың дәл осы ширегімен салыстырғанда өрт 26% артық тіркелген. Бүгінге дейін тілсіз жау 209 мәрте үстемдік құрған. Есік қақпай келетін апат өңір тұрғындарын 22 млн теңгеге жуық шығынға ұшыратты. Десе де өткен жылдан 78% аз залалын тигізді.

 

Нұрлан Атығаев, СҚО ТЖД МӨБ басқармасының басшысы:

– 14 жылдың 3 айында жеке секторда 162 өрт тіркелді. Бұл бар келеңсіз көрсеткіштің 77% құрайды. 11,5 млн. теңгенің шығыны келді. 12 адам тілсіз жаудың құрбаны болса, 11 жапа шегуші түрлі дене жарақаттарын алды. Көбіне пештердің дұрыс салынбауынан от шығып жатыр. Суық күндері жылыту құралдарын пайдалану да аса қауіпті.

 

Қар сөгіліп, жер кебісімен құтқарушылар үшін тағы аса қауырт маусым басталды. Қыстан қалған қалдықтарды жағуда өрт қауіпсіздігі ережелері еленбейді. Қураған құрғақ шөпке шоқ түсе қалса, лезде тұтанып кетеді. Әсіресе алқаптарын көктемгі дала жұмыстарына әзірлеген агроқұрылымдар мен бағбандар сақтыққа көңіл бөлмейтін көрінеді. Жуырда ғана қала маңындағы 3 саяжай учаскісінің қора-қопсысы отқа ораныпты.

 

Нұрлан Атығаев, СҚО ТЖД МӨБ басқармасының басшысы:

– Саяжайларға жету қиын. Жолдары тар, гидранттар жұмыс істемейді. Қоршаулары тым жақын орналасқандықтан от жылдам көшеді. Шаруа қожалықтары өсімдік қалдықтарын күйдіргенде бақылауды күшейту керек. Өйтпегенде от маңайдағы тоғайлы алқаптарды жалмауы мүмкін Орман өртін ауыздықтау аса қиын іс.

 

Жалпы жыл басынан өрт шығу қаупі зор деген 181 нысан тексеріліпті. Нәтижесінде ортақ ережені бұзған 220 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1,5 млн теңгенің айыппұлы салынған. Сондай-ақ, баспасөз мәслихатында судан құтқару қызметінің биылдыққа атқарған жұмыстары жайлы айтылды. Сәуірдің 12 күні Есіл ауданының Явленка ауылының тұрғыны суға кеткен. Марқұм өзенге балық аулауға шыққанда қайығы аударылған.

 

Виктор Держанский, СҚО ТЖД суда құтқару қызметінің басшысы:

– Қазір Есіл өзеннің ағыны күшейді. Дегенімен кей аумақтарда мұз тұр. Бірақ тым жұқа. Адам салмағы түссе морт сынып кетеді. Әсіресе Таранғұл көлінен балық аулаушылар көп. Жыл басынан ғана мұз астына кеткен 10 шақты көлікті алып шықтық. Абырой болғанда адам шығыны жоқ.

 

Құтқарушылар көктемгі тасқында 50 шақты үйді басқан топан судан арылтуға да септескен. Өткен жылы сақтық танытпаған 37 адам дүлей судың құрбаны болыпты.

 

Жеңіс Ермұқанов