Бизнес және экономика

Кәсіпкерлер палатасы және қаржы полициясы арасындағы меморандум өз нәтижесін беруде

 

Шағын және орта бизнестің өркендеуі – ел дамуының кепілі. Алайда қызметін асыра пайдаланатын шенді шекпенділер есепсіз тексерістерімен кәсіпкерлерге тосқауыл болып жатады. Ол біріншіден аталмыш саланы тұқыртса, екіншіден парақорлықтың өсуіне жол ашады. Ондай олқылықтарға жол бермеу тұрғысында ағымдағы жылдың ақпанында облыстық қаржы полициясы басқармасы мен кәсіпкерлік палатасы арасында екі жақты меморандумға қол қойылған болатын.

 

Нелли Кукушкина, СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры:

-Ондағы көзделген мақсат – өзара әріптестік арқылы кәсіпкерлік саласындағы жүйелі түрде орын алатын түрлі зазбұзушылықтарға тосқауыл қою болып табылады. Өйткені өз ісін дөңгелетіп отырған жандарға мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар тарапынан жасалатын қысым көп. Мәселенің шешілу жолдары пара алу арқылы жүзеге асады. Меморандумда бұған жол бермеу жағы қарастырылған. Оны қаржы полициясы мамандары қадағалайтын болады.

 

Отандық кәсіпкерлік саласын жаңа белеске көтеру керек. Осыны атап көрсеткен Ұлт көшбасшысы бизнес субьектілеріне жүргізілетін тексерістерге мораторий жариялаған болатын. Оның орындалу барысын қадағалау ендігі жерде прокуратура мен қаржы полициясы мамандарының міндеті.

 

Рүстем Рақышев, СҚО экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті жетекшісінің уақытша міндетін атқарушы:

-Өткен жылы біздің департамент заңсыз тексерістерге қатысты 7 фактіні анықтап, олар бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын. Үстіміздегі жылы оның екеуі бойынша сот үкімі шықты. Кәсіпкерден 85 мың теңге пара алған Тайынша ауданының бас санитары 7,5 жылға бас бостандығынан айрылса, Шал ақын аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы 21 мың теңге үшін 3,5 жылға сотталды.

 

Жазаға тартылғанның алғашқысы кәсіпкерден жобалық-экологиялық құжаттамаға еш тексеріссіз қол қойып беру үшін ақша талап етсе, екінші басшы жеке кәсіпкер нысанындағы өрт қауіпсіздігі актісіне қол қою үшін пара алған.

Шағын және орта бизнес субьектілеріне заңсыз тексерістер жүргізуге тиым салынған мораторий ағымдағы жылдың екінші сәуірінен күшіне енді. Оны елемегендерді ешкім бастан сипамасы анық. Кәсіпкерлерге шені мен лауазымы арқылы қысым көрсетіп, пара алғандар темір торға тоғытылады.

 

Самат Есмағи