Аптадағы маңызды жаңалықтар

Есіл таси бастады

Есіл өзені соңғы жылдары ернеуінен сәл ғана асып, аса қауіп тудыра қоймайтын. Тіпті жергілікті тұрғындар өзен тасыса, шөп қалың шығады деп қуанып та қалатын. Бірақ биыл қыста қар қалың түсті, әрі көктемде күннің күрт жылынуына байланысты біраз әбігерге салды.

Осыған орай облыс әкімі Самат Ескендіров пен төтенше жағдайлар басқармасының басшылары Есіл өзенінің бойын тікұшақпен аралап шықты. Ең қауіпті аймақ Покровка және Новоникольск ауылдары маңында байқалады. Бұл жерлерде су ауылға жақындап қалған.

 

Асхат Бәкішев, СҚО ТЖД бөлім басшысы:

-Есіл өзенінің бойында су басу қаупі бар ауылдар бар. Бүгін соларды аралап көріп жүрміз.

 

Бұл – Сергеев қаласындағы су қоймасы. Қазір жағдай қалыпты, тәулігіне 82 миллион текше метр су жіберіледі. Бірақ әлі де қауіп бар. Әсіресе Астана, Атбасар жақтағы шағын өзендер Есілге қосылып, ағын күшейді.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Колутон өзені біздің Есілге келіп құяды. Ертеңгі күндері, бір-екі күнде сол Атбасар жағынан келетін су бізге қандай зиян келтіруі мүмкін деген жұмысты қарап жүрміз. Жалпы айтқанда штабтардың жұмысы жақсы жүргізілді. Биыл ешқандай үйге су тасқыны зиян келтірген жоқ.

 

Жалпы облыстағы жағдай тұрақты. Алаңдауға негіз жоқ. Бірақ тасқын қаупі сейілген жоқ. Сондықтан штаб өз жұмысын босаңсытпау керек деді өңір басшысы.

 

Гүлмира Шоқтыбаева