ТЖ

Сергеев қоймасында су деңгейі төмендей бастады

 

Гидробекеттер ұсынған мәліметтер бойынша, су қоймасындағы тіршілік көзін босатудың нәтижесінде нысаннан төменгі жерлерде Есіл өзенінің арнасынан шығып, тасуы жалғасуда. Покровка елді мекенінің маңында тіршілік көзі өткен тәулікте 60 см-ге жоғарылаған. Нәтижесінде қарама-қарсы бағыттағы жағалау су астында қалды. Новоникольское селосында су деңгейі тағы 30 см-ге көтерілсе, Петропавлда бұл көрсеткіш 54 см-ге жеткен. Топан судан елді мекендер жапа шекпегенімен, су деңгейінің 165 см-ге дейін жоғарлауының салдарынан Новоникольское елді мекенінің жанындағы көпір су астында қалды. Апат орын алған аумақта көпір арқылы қозғалысқа тыйым салынды. Осы уақытта көліктер Боголюбово елді мекені арқылы айналма жолмен қатынауда. Өзен маңындағы селоны су басу қаупі жоқ деп сендіруде төтенше жағдайлар жөніндегі департамент мамандары.

Сәуірдің 16-ына жасалған болжамға сәйкес, Петропавл қаласының маңында өзен суы жағасынан шығып тасиды.  Тасыған су республикалық Челябі-Новосібір бағытындағы және Заречное елді мекеніне баратын қалалық тас жолды басуы мүмкін. Сондай-ақ, сәуірдің 20-ында да судың арнасынан шығу қаупі бар. Есіл өзенінде  судың тасуы 10-15 күнге жалғасуы мүмкін.  Қызылжар ауданының Прибрежное елді-мекенінен кейінгі “Қарғалы аралына” апарар жол да су астында қалуы мүмкін. Бүгінде қалалық төтенше жағдайлар басқармасының мамандары қауіпті аймақтағы Заречное поселкесінің тұрғындарына ескерту жасап, қажетті азық-түлік пен дәрі-дәрмек қорын жасады. Апат орын алған жағдайда баспана иелері мектепке көшіріліп, облыс орталығына аспалы көпір арқылы қатынайтын болады.

 

Гүлмира Шоқтыбаева