Қоғам

Сәуірдің 12-де еңбек мигранттары туралы заңнамалық өзгерістер күшіне енді

 

Заң шеңберіндегі жеңілдіктер Қазақстанмен визасыз қатынау келісімін жасасқан ТМД елдерінің азаматтарына қатысты. Мемлекетіміздің аумағында еңбек етуге рұқсат алу үшін шетел азаматтары көші-қон полициясына жүгініп, бірқатар құжаттарын ұсынуы тиіс. Міндетті құжаттардың арасында паспорт, миграциялық карточка мен еңбек ететін әр ай үшін 2 АЕК көлеміндегі табыс салығын төлегені туралы түбіртек болуы қажет. Бұдан кейін шетел азаматы барлық есептер бойынша тексеріліп, оған рұқсат қағазы табыс етіледі.

 

Медет Сағди, Петропавл қалалық ІІБ көші-қон полициясының бөлім бастығы:

-12 сәуірден жеке тұлғаларға шетелдіктерді жұмысқа алуға рұқсат берілді. Ел аумағында еңбек ету рұқсаттамасы 1,2,3 ай мерзімге беріліп, кейін оны 12 айға дейін ұзарту мүмкіндігі қарастырылған. Кәсіпкерлер шетелдіктерді жұмысқа ала алмайды.

 

Шетелдік рұқсаттаманы ұзартуға ниет танытқан жағдайда, одан еңбек келісім шарты, ақша төлеу қабілеттілігі туралы құжат пен медициналық анықтама және сақтандыру куәлігі талап етіледі.

 

Медет Сағди, Петропавл қалалық ІІБ көші-қон полициясының бөлім бастығы:

-Егер жеке тұлғалар арнайы рұқсаттамасыз немесе еңбек келісім шарты бойынша үй шаруашылығындағы жұмыстарға 5-тен артық шетелдік мигрантты қызметке алатын болса, ондай тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту қарастырылған.

 

Бірінші кезекте мұндай заңбұзушылықтар үшін 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл қарастырылса, заңға бағынбау қайталанған жағдайда әкімшілік жаза 50 АЕК-ке дейін артады.

 

Гүлмира Шоқтыбаева