Білім

“Бэст” гимназиясының оқушылары шетелде оқу мүмкіндігіне ие болды

“Бэст” гимназиясының 10-сынып оқушылары жақында ағылшын тілінен халықаралық байқауға қатысып, барлық сынақтардан сүрінбей өтті. Енді олар тамыз айында “Флекс” бағдарламасы бойынша АҚШ-қа бір жылға оқуға барады. Солардың бірі – Ксения Зайнутдинова. Мұғалімдері оның болашағынан үлкен үміт күтеді. Ол осы жолдаманы жеңіп алу үшін бір жыл бойы тер төккен. Онда ТМД-ның әр елінен 1000-ға жуық дарынды оқушы бақ пен бап таластырған.

 

Ксения Зайнутдинова, “Бэст” мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы:

Республикалық тіл сайысы 3 кезеңнен тұрды. Онда қазылар тіл сауатын оқу бағдарламасы бойынша ауызша, жазбаша түрде тексерді. Оның барлығынан сүрінбей өтіп, тамыз айында Америкаға баратын болдым. Болашақта ағылшын тілін терең меңгеріп, дүние жүзін арлағым келеді. Сондықтан бұл сапар мен үшін маңызды.

 

Республикалық тіл сайысына “Бэст” мектеп-гимназиясы  1999 жылдан бері қатысып келеді. Содан бері аталмыш білім ордасынан шетелге 20-ға жуық оқушы барып келген. Жуықта мектеп тәрбиеленушілері “Соғыссыз әлем” атты республикалық неміс тілі байқауынан жүлделі оралды. Олар енді “Қонақтағы оқушы” бағдарламасы аясында үстіміздегі жылдың 25-сәуірінде Германияның астанасы Берлин қаласында 3 ай бойы халықаралық стандартпен оқып келеді. Солардың бірі- Владислава Гаврилова. Ол қазірден бастап өзі қонаққа баратын жанұямен хат алысып, скайп арқылы араласып тұрады.

 

Владислава Гаврилова, “Бэст” мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы:

-Байқаудың шарты бойынша ғаламтордан өзім жайлы анкета толтырып, өмірбаянымды жазып жібердім. Ізінше тілдік грамматикадан тұратын жазбаша үй тапсырмасын орындадым. Сосын скаип арқылы ауызша сұрақтарға неміс тілінде жауап бердім. Сәтін салса 25-сәуір Германияға сапар шегемін. Сол елдегі алдыңғы қатарлы оқу орындарына түскім келеді.

 

Жалпы биылғы жыл гимназия үшін жемісті болған. Оқушылар орыс, ағылшын, неміс, француз тілдері мен құқықтану, физика пәндері бойынша республикалық олимпиадалардан 7 жүлдемен оралған.

 

Берік Қасен