Билік

Петропавлда Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитетінің көшпелі отырысы өтті

 

 

Еліміз зайырлы мемлекет болғандықтан адам құқығы бірінші орынға қойылып отыр. Кембағал жандар да солардың қатарында. Бұл тұрғыда ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев мүмкіндігі шектеулі жандарға айрықша назар аудару қажеттігін айтып, ол топтағы адамдарға Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуы тиістігін міндеттеген болатын. Себебі оларда қоғамның толыққанды мүшесі. Оны ҚР Парламенті Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитетінің көшпелі алқа отырысын ашқан Мәжіліс вице-спикері Дариға Назарбаева да атап көрсетті.

 

Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің вице-спикері:

-Бұл тұрғыда үкімет мүгедектердің құқығын қорғайтын бағдарлама әзірлеген болатын 2012-2018 жылдарға арналған. Оның бірінші кезеңінің қорытындысын шығарамыз үкімет сағатында. Сіздердің өңірлеріңізде бұл тұрғыда атқарылып жатқан істер ауыз толтырып айтарлық. Әлеуметтік нысандар жұмыстарында барша елімізге үлгі болар жақтарыңыз көп. Оған кешегі күні көз жеткіздік. Шешімін күткен мәселелер де жоқ емес, оларды бірлесіп еңсереміз деп ойлаймын.

 

Елбасы жолдауында көрініс тапқан мүмкіндігі шектеулі азаматтарды ерекше назарға алу тапсырмасы бойынша біздің өңірімізде атқарылып жатқан істер аз емес. Ол жайында жиынға қатысушыларды облыс әкімі Самат Ескендіров құлағдар етті.

Халықты әлеуметтік қорғау саласын қаржыландыру жыл санап өсіп келеді. Соңғы бес жылда оның көлемі 2,4 миллиард теңгеден 4,6 миллиард теңгеге дейін өскен. Ол мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайларын жақсартуға айтарлықтай септігін тигізуде.

Өңірімізде еңбек жасындағы мүгедектердің жалпы саны 16 мыңның үстінде. Елбасының тапсырмасына сәйкес бүгінгі күні олардың 7 мыңға жуығы еңбекпен қамтылып, өз напақаларын табуда. Қалғандары да мұндай мүмкіндіктен шеттетілмейді. Барлығы да “Еңбекпен қамту- 2020” бағдарламасына қатыстырылатын болады. Жиында сондай-ақ еліміздегі мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2012-2018 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру міндеттері төңірегінде әңгіме өрбіді. Тапсырманы орындауда қай бағытта жұмыс атқару керек, оған мемлекет тарапынан қандай қолдаулар болмақ. Ол туралы жиынға қатысушы солтүстікқазақстандықтар мәжілісмендердің өз ауыздарынан естіп-білді.

 

Светлана Жақыпова, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:

Заң жобасына да өзгертулер енгізілуде. Мәселен жаңа еңбек кодексінде жұмыс беруші мүгедек жанды жұмысқа алған уақытта, оның қызметтік міндеттеріне шектеу қойылмайтындығын қамтамасыз ету керек деп көрсетілген. Өзгертулер мен толықтырулар салық заңнамасында да қарастырылып отыр. Ол мүгедектерден алынатын кез-келген салық түрлеріне жеңілдіктер енгізу болып табылады.

 

Алқа отырысына қатысқан мүмкіндігі шектеулі жандар да мәжілісмендерге көкейлеріндегі сауалдарын жолдап, оған нақты жауаптар алды. Жиында сондай-ақ мүгедектердің құқықтарын қорғау заңына енгізілетін өзгертулер мен толықтыруларға қатысты да бірқатар ұсыныстар мен талап тілектер айтылды.

 

Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің вице-спикері:

-Жиында айтылған ұсыныстардың ешқайсысы аяқсыз қалмайды. Біз олардың барлығын құжатқа енгізіп, сәуірдің 21-і күні Парламентте өтетін үкімет сағатында көтеретін боламыз.

Алқа отырысын қорытындылаған облыс әкімі Елордалық меймандарға алғысын білдіріп, еңбектеріне сәттілік тіледі.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

Комитеттің көшпелі отырысын біздің өңірімізде өткізгендеріңізге рахмет. Біраз мәселелердің басы ашылды. Ол тек біздің облысымыз ғана емес, барша Қазақстанға тән проблемалар. Сіздердің қолдауларыңызбен олардың барлығы оң шешімін табатынына сеніміміз мол. Біз өз тарапымыздан Елбасы саясатын тиісті деңгейде жүргізуге уәде етеміз.

 

Артынша Мәжіліс депутаттары бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізіп, тілшілер тарапынан қойылған сауалдарға жауап қайырды. Журналистер билік пен бұқара арасындағы алтын көпір іспеттес. Осыны атап көрсеткен халық қалаулылары тілшілер қауымының еңбектеріне сәттілік тіледі.

 

Самат Есмағи