Мәдениет

Петропавлда алғаш рет мүмкіндігі шектеулі жандардың көрмесі ашылды

 

 

Бүгін Еленаның туған күні. Ол 34 жасқа толып отыр. Осыған орай қылқалам иесінің достары мен туған-туыстары, өнер мұражайының қызметкерлері оның алғашқы көрмесін ұйымдастырған. Еленаның мұнда 50-ден астам графикалық және кескіндемелік жұмыстары ілініпті. Дені портрет, натюрморт, пейзаж. Мұның бәрі суретшінің арманы мен қиялынан, өмірге құштарлығынан туған еңбектер. Елена Шаламова бірінші топтағы мүгедек. Мүмкіндігі шектеулі болса да ол өмірге деген оптимистік көзқарасын әсте жоғалтқан емес.

Ал, мынау 10 жасар Асқардың жұмыстары. Оның көзі нашар көреді. Дей тұрғанмен оқуда озат. Анасының айтуы бойынша, ол техникалық құрастыру және компьютерлерге қызығушылық танытқан. Мұнымен қоса қағаздардан оригами жасауды ұнатады. Осыдан 3 жыл бұрын жануар, құстар, гүлдерді жасаудан бастаса, біртіндеп күрделі конструкцияларға көшкен. Мәселен, мына туындысын 2 апта ішінде құрастырыпты. Мұнда ол саусаққа ілікпейтін қағаздарды бүйірлеп жапсырған. Баласының ермегіне кейде анасы да қол ұшын беріп тұрады.

Мамандар осы көрме арқылы 12 мүшесі сау адамдар, мүмкіндігі шектеулі жандардың ішкі дүниесіне бір сәт үңіле алады дейді.

 

Жібек Жүзенова, облыстық бейнелеу өнері мұражайының қызметкері:

-Орындалу шеберлігі жағынан да мүмкіндігі шектеулі авторлардың туындылары деп айта алмаймыз. Өйткені, суреттері жоғары талғаммен салынған.

 

Жиналған көремендер өнер иелерінің туындыларын ерекше бағалады.

 

Дариға Әбішева, көрермен:

Мен Асқардың жұмыстарын көріп қуандым. Ұсақ моториканы дамытатын дүниелерді жасаған екен.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың “Түрлі де теңдес” деп аталатын көрмесін бір ай бойы тамашалауға болады.

 

Берік Қасен