Білім

Өңірімізде жұмыс сапарымен жүрген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Петропавлдағы №13 орта мектепте болды

 

 

№13 орта мектептің жарымжан оқушыларға кедергісіз аумаққа айналғанына 15 жыл болған. Бұған ҚР Парламенті Мәжілісінің вице-спикері Дариға Назарбаева бастап келген халық қалаулылары іс жүзінде көз жеткізді. Тірек-қимыл жүйесі зақымданған жасөспірімдер арнайы жабдықталған «Газельь» көлігімен жеткізіледі. Тағдыр тәлкегімен мүгедек арбасына таңылған шәкірттерге мектепке қиналмай ену үшін пандус орнатылған. Оқушыны екінші қабатқа көтеретін жедел саты жұмыс істейді. Жалпы оқу мекемесі мүмкіндігі шектеулі жандардың сапалы білім алулары үшін керек-жарақпен толықтай қамтылған.

15 жылдың ішінде мектептен  қол-аяғы кемтар 38 бала түлеп ұшқан. 14-і кәсіп иеленіп, мамандығы бойынша қызмет етіп жүр. 5-і «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы жеңілдетілген несие алып, жеке ісінің іргесін кеңейтуде. Бүгінде 7 түлек орта және жоғары оқу орындарында білім алу үстінде. Қиындыққа мойымағандардың бірі – Леонид Яковченко. Бүгінде ол өзі оқыған білім ордасының белді ұстаздарының қатарында. Оқушыларға информатика пәнінен сабақ береді. Ынталы жас маман Аққайың ауданындағы Советское орта мектебінде де шәкірт тәрбиелеуге үлгеріп жүр.

 

Леонид Яковченко, №13 орта мектептің информатика пәнінің мұғалімі:

– 2007 жылы осы мектепті бітіріп, СҚМУ ақпараттық технологиялар факультетіне түстім. Оны аяқтап, компьютерлік техниканы қамсыздандыру курстарын тәмамдадым. Қазір мектепте ұстаз болумен қатар, программист маманмын. Мұғалім болу балалық арманым. Мақсатыма жеткеніме қуаныштымын. Мектепте табысты еңбек етуге бар жағдайлар жасалынған.

 

Бүгінде мұнда қозғалу қабілеті шектелген 26 оқушы бар. Меймандар сыныптарды аралап, олардың оқу бағдарламасымен танысты. Мектепте білім көкжиегін кеңейтумен қатар дарындарын ашуға ден қойылған. Үй шаруасына қажетті еңбекке баулитын үйірмелер жұмыс істейді. Мына бұйымдар тірек-қимыл жүйесі зақымданған жеткіншектердің қолымен жасалған. Шәкірттер өнерден де құралақан емес. Қуыршақ театрының шеберлігі үйретіледі мұнда. Оқушылар ұсынған “Шалқан” ертегісінің қойылымы халық қалаулыларының көңілінен әбден шықты.

 

Жеңіс Ермұқанов