Қоғам

Ғашықтар күні

 

Бұл дастанда әуелден атастырылып қойған Қарабайдың қызы Баян мен Сарыбайдың баласы Қозының арасында махаббат жырланады. Бірақ  Қодардың араласуынан екі ғашық ақыры қосылмай, өз сезімдері үшін күресте өмірімен қоштасады. 13-14 ғасырларда пайда болған лиро-эпостық жырдың бүгінге жетуі оның құдыреттілігінде болар. Жетіп қана қоймай, олардың арасындағы шынайы сезім, адалдық қазіргі жастардың санасындағы нағыз махабаттың идеалына айналды десе артық етпес. Сәуірдің 15-і қос ғашықтың есімімен аталуының себебі де осы болар.

Қазақтың ауыз әдебиетінде мазмұнына халықтың дәстүрін, ер-азаматтың бойындағы ерлікті, өжеттілікті, әдепті, ибалы қыздардың үлгілі қылықтарын сіңірген дастандар аз емес. Тарих ғылымдарының кандидаты Зылиха Бимақанованың айтуынша, тәрбиелік маңызы зор «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының қазақ әдебиетінде ойып тұрып алатын орны бар.

 

Зылиха Бимақанова, тарих ғылымдарының кандидаты:

-Кезінде орыстың шығыстанушы ғалымы Потаниннің жазбаларында осы Қозы Көрпеш-Баян сұлуды рухани дүние деп бағалап, оны Ромео мен Джульеттаға теңестірген болатын.

 

Статистикаға сүйенсек, өңірде өткен жылы 2 мыңнан астам жұп айрылысқан екен. Мамандардың айтуынша, бұл мәлімет уақыт өткен сайын көбеюде. Осы орайда, қос ғашықтың арасындағы берік сезім үлгі боларлық.

 

Зылиха Бимақанова, тарих ғылымдарының кандидаты:

Қозы да өзін көрсете білді. Адалдығын, батырлығын, ол сондай күрескер болмаса да шынайы сезімге пәктікке, адалдыққа жақын ер болғанын көрсетіп, ал Баян болса өзінің сондай ақ жарқын, ақылы көркіне сай жан ретінде сипатталады.

 

Осы орайда солтүстікқазақстандық жастардың да пікірін білген едік.

 

Махаббат – екі адамның арасындағы кіршіксіз, пәк сезім. Ғашықтар тек бір-бірін ғана емес, ата-аналарын да сыйлауы қажет.

Былтыр осындай мереке бар деп естігенмін. Өзіміздің қазақтың осындай мерекесі бар болғаны дұрыс деп ойлаймын.

 

Кейбіреуі осы атаулы күн өзге мерекенің баламасы, қажеті қанша деп ойлауы да мүмкін. Бірақ, көпке күйе жағудан аулақпыз. Бұның пайдалы тұсын да қарастырғанымыз жөн. Бәлкім, 21 ғасыр – техниканың дамыған тұсында ұялы телефон, планшетке үңіле бермей, кейінгі толқынның Қозы Көрпеш пен Баян сұлу жырынан бастап кітапқа деген қызығушылығын тудырар.

 

Данаш Хамзина