Спорт

Солтүстікқазақстандық акробаттар жазғы спартакиададан жүлделі оралды

 

Мектеп және колледж оқушылары арасындағы 7 жазғы спартакиадаға өңірімізден 22 спортшы қатысқан болатын. Олардың барлығы акробатиканың 3 түрі бойынша бақ таластырды. Александр мен Виталий акробатикалық жолақ жарысында топ жарған. Айтуларынша, бұл жарыс оларға жеңіл болмапты. Десе де жас балалар еліміздің ұлттық құрама командасына еніп отыр.

 

Александр Шашков, облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі:

-Жеңіске жету оңайға тиген жоқ. Қарсыластарым да барын салып бақты.

Виталий Делль, облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі:

-Акробатикамен 7 жылдай айналысып келемін. Жақсы ойын көрсеттім. Қазір әлем чемпионатына дайындықты бастап кеттік.

 

Александр Зотов пен Анастасия Бейсембаеваның жұбы спорттық акробатикадан сәтті өнер көрсеткен. Екеуінің бірге жұмыс істеп жүргеніне 3 жылдай болыпты. Қысқа уақыттың ішінде жерлестеріміз акробатикадан спорт шебері атанып үлгерді.

 

Александр Зотов, спорттық акробатикадан спорт шебері:

-Біріншіден, жарыста топ жаруға әр спортшы өз үлесін қосты. Бізді күн сайын жаттықтырған бапкерлеріме алғысымды білдіремін. Ендігі мақсатымыз – Париж қаласында өтетін әлем чемпионатында жоғары нәтижеге қол жеткізу.

 

Ал батуттан секіруден жерлестеріміз жүлделі орыннан құралақан қалды. Акробаттар алдағы сайыстарда топ жару үшін шеберліктерін шыңдауға кіріскен. Жаттықтырушылар да өз шәкірттерінен үлкен үміт күтеді.

 

Ринат Белогонов, батуттан секіру мен акробатикалық жолақтан облыстың аға жаттықтырушысы:

-Бұл спартакиада шәкірттеріме жеңіл тиген жоқ. Жарыста спортшының дайындығына қарап жаттықтырушыларының біліктілігі анықталады. Осыдан тура екі жыл бұрын осы команданы жасақтаған болатынбыз. Акробаттардың жеткен жетістіктеріне қуаныштымын.

 

Жас акробаттар күніне екі рет дайындықтарын пысықтайды екен. Бірақ  жаттығу залына әлі де болса спорттық құрал-жабдықтар қажет. Кезінде өңірдегі акробатиканың өрге басуына себін тигізген жаттықтырушы Анатолий Ямпольский  осы жаттығу залын ашқан екен. Ол биыл 83 жасында дүниеден озыпты.

Спартакиададан жүлделі қайтқан акробаттар мұнымен тоқтап қалмақ емес. Олар алдағы үлкен сайыстарға апаратын бағдарламаларын шыңдауға кірісті.

 

Бақыт Сәдуақасов