Аптадағы маңызды жаңалықтар

Солтүстік Қазақстан облысына ҚР Парламенті Мәжілісінің вице-спикері Д.Назарбаева бастаған жұмыс тобы келді

ҚР Парламенті Мәжілісінің вице-спикері Дариға Назарбаева бастаған халық қалаулылары алдымен облыстық балалар ауруханасына аялдады. Былтыр емдеу мекемесіне 4 бірдей заманауи медициналық құрылғы алынған. Соны қондырғылармен жабдықталу ауруды ерте бастан анықтауға мүмкіндік береді. 2002 жылдан мұнда 500-ден артық нейрохирургиялық ота жасалыпты. Кейін мәжілісмендер ауруханадағы оңалту бөлімшесіне соқты. Онда меймандар науқастардың сауығуына қажетті қондырғылармен танысты.

Бөлімше қызметіне жүгінетіндердің дені тірек-қымыл жүйесі зақымданған, тыныс алу жолдары тарылған бүлдіршіндер. Көбіне туа біткен дертке шалдыққан балалар қаралады. Сапалы ем-дом қондыру үшін электро-физиожылыту, сылау сынды терапиялар қолданылады. Логопед, сенсорлық, тұзды шахта кабинеттері жұмыс істейді. Науқастар бейнемониторингке алынған. Күніне -120, жылына 2 мыңға тарта жасөспірім оңалту процесінен өтеді. Мамандар 10 мыңнан артық кәсіби кеңес береді. Емделушілердің 96 пайызы денсаулығын біршама жақсартып алса, 1,4 пайызы дертінен мүлдем айығып шыққан.

 

Ирина Тищенко, СҚО балалар ауруханасының оңалту бөлімшесінің меңгерушісі:

– 1997 жылдан бала денсаулығына ерте бастан араласу бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Сәби туғанынан барлық скринингтік тексерістерден өтеді. Нәресте денсаулығында ауытқулар анықталса, бірден ем қолданатын мүмкіндігіміз бар. Осының арқасында туа біткен ауруларды 1 жасқа дейінгі мың адамға шаққанда 0,3 жағдайға дейін қысқарттық. Республикалық көрсеткіш 1,2-ні құрайды.

 

Кейін меймандар есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық мектеп-интернатына ат басын бұрды. 70 жылдық тарихы бар оқу ордасы 500-ден артық түлекті түлетіп ұшырған. Дыбыстық сигналдарды қабылдау қабілеті нашар балалармен 85 ұстаз жұмыс жасайды. Барлығы да жоғары білікті. Шетелге шығып біліктіліктерін арттырып тұрады. Ресейлік әріптестерімен онлайн режимінде шеберлік алмасуды жақсы дәстүрге айналдырған. Шадринск мектеп- интернатымен болған кезекті бейнеконференцияға Дариға Назарбаева мен депутаттар да қатысты.

Құлағында мүкісі бар 151 тәрбиеленуші емдеу мен оқыту бағдарламасымен толықтай қамтылған. 32 оқыту кабинеті керек-жараққа толып-ақ тұр. Енді міне, Дариға Назарбаеваның сұрауымен “Самсунг” компаниясы мектепке заманауи компьютерлік сыныпты сыйға тартты. Интерактивті тақта мен ортақ озық үлгідегі қамсыздану бағдарламасына жалғанған 20 планшет оқушылар игілігіне тапсырылды.

Сондай-ақ меймандар дарынды оқушылардың қолөнер бұйымдары қойылған көрмені тамашалады. Мың бұралған бишілері де өнерлерін ортаға салды. “Сенсетив” пен “Пульс” хореографиялық ұжымдары түрлі халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанып жүр.

Жеңіс Ермұқанов