Билік

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қызылжар ауданында және облыс орталығында бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады

 

 

Қызылжар аудандық еңбекпен қамту орталығы 2011 құрылған. Бүгінде істері өрге басып, екі қолға бір күрек таппай отырған жамағаттың өз напақаларын табуларына жағдай жасап отыр. Жұмыстарының барлығы мемлекеттік бағдарлама шеңберінде іске асырылуда.

Аталмыш орталыққа ҚР Парламенті Мәжілісінің вице- спикері бастаған жұмыс тобы мүшелері де ат басын тіреді. “Еңбекпен қамту- 2020” бағдарламасының бірінші бағыты бойынша өңірімізде 2011-2013 жылдар аралығында игерілген қаражат 2 миллиард 567 миллион теңгенің үстінде. Оның арқасында 127 жоба жүзеге асып, 1781 жаңа жұмыс орны құрылған. Құжаттың өзге бағыттары да жоспарға сай жүзеге асырылу үстінде деп атап көрсетті меймандармен әңгіме барасында еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының жетекшісі Асқар Сақыпкереев. Қызылжар ауданында “Еңбекпен қамту 2020” жобасының өрісін кеңейтуге үлес қосып отырғандардың бірі “Ахмутдинов” жеке кәсіпкерлігі. Олар да бағдарламаның үш бағыты бойынша жұмыс атқаруда.

Бағдарламаның шарапатын бүгінде болашағы бұлыңғыр деп табылған шалғай елді мекеннің жұмыссыз жүрген жастары да айқын сезініп отыр. Олар мемлекеттік көмекке дән риза екендіктерін жеткізді Мәжіліс депутаттарымен әңгіме барысында.

Елбасының тапсырмасымен өмірге жол тартқан “Еңбекпен қамту- 2020” бағдарламасының жүгі ауыр. Мақсат – елдегі жұмыссыздық деңгейін қысқартып, бұқараны кедейліктен арылту. Бұл тұрғыда өңірімізде атқарылып жатқан істер аз емес. Ол – Елордалық меймандардың берген бағасы.

Петропавлдағы протез-ортопедтік орталығы да халық қалаулыларының назарынан тыс қалған жоқ. Аталмыш кәсіпорын бүгінде тек өңірімізден ғана емес, сонымен қатар, Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Алматы облыстары және Астана мен Алматы қалаларынан түскен тапсырыстар бойынша жұмыс істейді. Әр протез арнайы өлшем бойынша әзірленеді екен.

Мәжіліс депутаттары орталық ішіндегі протез және арнайы аяқ киімдер әзірлейтін цехтардың жұмысымен танысып, шеберханаға да бас сұқты. Аяқ, қолға қажетті протездер елімізде жасалады. Алайда мүгедектерге арналған қол арбаның өзімізде шығарылмайтыны – ойланатын жәйт дейді халық қалаулылары.

Артынша елордалық меймандар облыс орталығындағы психоневрологиялық интернат жұмысымен де танысты. Бүгінде онда 3 пен 18 жас аралығындағы 106 бала тәрбиеленуде. Олардың 35-сі күндізгі стационарда болса, қалғаны интернатта тұрады. Аталмыш орталықта балаларды сауықтыруға барынша жағдай жасалғандығына Мәжіліс депутаттарының өздері көз жеткізді.

ҚР Парламенті Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитеті өкілдері С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының ұжымымен де кездесті. Өнер ордасының таспасын 2000 жылы Елбасының өзі кескен болатын. Содан бері сахна саңлақтары өнер сүйер қауымды тың туындылармен қуантып келеді. Қазірде театр труппасы кезекті қойылымға әзірлік үстінде.

Өнер ордасының штаты толық. Тек актерлер труппасының өзі 30 адамды құрайды. Сахнагерлерді толғандырған мәселе бір. Ол – театрдың тарлығы.

Мәжіліс вице-спикері Дәриға Назарбаева мәселені шешудің жолдарын Парламент қабырғасында талқылауға уәде етті.

 

Самат Есмағи