Қоғам

Қайырымдылық сенбілігі

 

«Таза мекен» акциясына білек сыбана кіріскендердің бірі- Эльмира Дәрібаева. Ол мұндай игі шаралар қаламызды көркейтуге септеседі дейді.

 

Эльмира Дәрібаева, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

-Мұндай сенбіліктер өте қажет. Қаламыз көркейеді. Сондықтан мен барша қала тұрғындарын, солтүстікқазақстандықтарды, жастарды осындай шараларға шығуға шақырамын.

 

Жеңіс саябағын қоқыстан арылтуға жұмылдырылған 200- ге жуық жас қыстан бері жиылып қалған тұрмыс қалдықтарын шығарып, Есіл өзеннінің жағасын тазартуда. Кей жағдайда демалыс орнын адамдардың өздері ластайтын көрінеді. Сондықтан мұнда жиналғандар солтүстікқазақстандықтарды қоршаған ортаға қоқыс лақтырмай, айналаны таза ұстауға шақырады. Жалпы Жеңіс мерекесі қарсаңында саябақты қалыпқа келтіру  барша ұрпақтың ардагерлер алдындағы парызы деп біледі жастар өкілдері.

 

Данияр Әбутәліпов, «Жастар бастамалары» орталығының директоры:

-Жеңіс күніне 1 айға жуық уақыт қалды. Сондықтан біз бұл жерді тазалап, барлық ҰОС қатысты ескерткіштерді жөнге келтіру жұмыстарын өткіземіз.

 

Экологиялық акция аясында жастар саябақтан 4 тоннаға жуық қоқыс шығарған. Мұндай шаралар әлі де жалғасын табады.

Жалпы демалыс күндері тазалық сенбіліктері қаламыздың барлық көшелерінде ұйымдастырылды. Қалалық сенбілікке 35 000 адам мен 1200-ден астам кәсіпорын және Пәтер Иелері Кооперативтері қатысты. Нәтижесінде 48 саябақ пен демалыс орындары қоқыстан тазартылып, бағдаршам нысандары, аялдама павильондары қалыпқа келтірілген. Сенбілікке коммуналдық кәсіпорындар мен құрылыс ұйымдарынан 22 жүк көлігі мен 10 жүк тиегіш жұмылдырылды. Жалпы қала сыртына 410 тонна қоқыс қалдығы шығарлыпты. Алайда облыс орталығындағы кей мекемелер мен сауда орындары сенбілікке салғырт қарап, өздеріне тиесілі аумақты тазартпаған көрінеді.

 

Мағжан Ахмадина