Қоғам

Петропавлда азық-түлік бағасын қадағалау жалғасуда

 

Соңғы девальвациялық шараларға байланысты азық-түлік бағасы бақылауға алынған. Ондағы мақсат – халықтың күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасының негізсіз көтеріліп кетпеуін бақылауда ұстау. Десек те сүт, макарон, жарма өнімдері құнының шамалы өскендігі байқалады. Жарманың бағасы түріне қарай 90- 180, картоп – 120, пияз 100, қаптамадағы екі келілік ұн 215 теңгеден саудалануда. Ал жұмыртқа бағасы әзірге тұрақты. Яғни 10 данасы 180 теңге.

 

Евгения Сальникова, Петропавл қаласының ауыл шаруашылығы және ветенария, кәсіпкерлік бөлімі жетекшісінің міндетін атқарушы:

-Біз нан, сүт және ет өнімдерінің бағасына мониторинг жүргіземіз. Сондай-ақ жеміс-жидек, макарон мен картоп бағасы басты назарда. 35 сауда нысанында бақылау жүргізудеміз. Ақпан мен сәуір айы аралығында шай, ірімшік және жарма өнімдерінің бағасы шамалы көтерілген.

 

“Дария” базарында кәсібін дөңгелетіп жүргендердің бірі – Галина Самойленко. Жеміс-жидек сатумен айналысатын Галина  «біздегі баға көтерме саудадағы құнға тікелей тәуелді»  дейді.

 

Галина Самойленко, жеке кәсіпкер:

-Жеміс-жидектерді “Южный” базарынан көтерме бағамен сатып аламыз. Ал өзіміз үстінен тек 15 пайызға көтереміз. Қазір қияр пен қызанақ бағасы тұрақсыз. Таңертең бір баға болса, кешке өзгеріп шығады. Ал картоптың бір келісінің құны сапасына тікелей байланысты.

 

Мониторинг жүргізу тұрғысында арнайы жасақталған штаб өкілдері сауда орындарындағы баға нарығын үнемі бақылауда ұстайды. Мамандар  күнделікті тұтынатын азық-түлік құнының қалыпты болуына облыс орталығында әр сенбі сайын өткізілетін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі де септігін тигізуде  дейді.

 

Бақыт Сәдуақасов