Қоғам

Сот жүргізушінің шағымын қанағаттандырмады

Инспектордың пайымдауынша әйнекке жапсырылған жабдық рөлдегінің көруін көлегейлеп тұратын көрінеді. Оған тыйым салынғаны заңда да тайға таңба басқандай анық жазылған. Алайда көлік иесі айыбын мойындаудан бас тартқан. Кінәсіздігіне сенген азамат сотқа жүгінген. Әділет үйінің мамандары өтініштің шындыққа жанаспайтыны жөнінде шешім шығарды. Жолда жүру ережесіне сәйкес алдыңғы әйнекте артқы көрініс айнасы, шыны тазалағыш, радиоантенна мен жылыту элементтерінен басқа құрылғылар болмауы керек. Ал «Газель» автомашинасының жүргізушісі бірден рұқсат етілмеген екі бейнетіркеу қондырғысын орнатыпты. Осыны негізге алған сот қосалқы жабдықтар жол қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін деген шешім шығарды. Енді Максим Даниловке 5 АЕК мөлшерінде салынған айыппұлды өтеуден басқа амал жоқ.

 

Жеңіс Ермұқанов