Билік

Көктемгі су тасқыны облыс әкімі С.Ескендіровтің бақылауында

 

Шал ақын ауданы орталығындағы емхана былтырғы жылдың желтоқсан айында қолданысқа тапсырылуы тиіс болатын. Алайда күніне 250 адамды қабылдауға қауқарлы емдеу мекемесі халық игілігіне бүгінге дейін берілмеген. Уақыттан кеш қалудың мән-жайын анықтау үшін өңір жетекшісі құрылыс басында болды. Бас мердігер – “Ақниет-Астана АБЦ” ЖШС. Сеніп тапсырған іске мардымсыз қараған құрылысшылардың жұмысы Самат Ескендіровтің сын садағына ілікті.

Шынымен қарқын қоспаса болмас. 2012 жылдан бой түзеп жатқан ғимарат бос қаңырап тұр. Ішкі әрлеу мен абаттандыру жұмыстары басталмапты да. Ауданның бас дәрігерінің мәлімдеуінше медициналық жабдықтар әуелден-ақ 100 пайыз алынып қойылыпты. Бар болғаны 60 жұмысшы, олардың өзі 3 ай бойы атқарған істерінің табысын көрмеген. Жалақы қарызы 3 млн теңгеден асып жығылады.

 

Берік Әкімбаев, “Ақниет-Астана АБЦ” ЖШС директоры:

– Жоба құны 980 млн теңге. Биыл оның 257 млн теңгесін әлі еңсеру керек. Келісімдер жасалды. Қаржы түсісімен жалақы қарызынан құтыламыз. Алдағы тамыз айына дейін бар жұмысты аяқтаймыз. Уақытқа ілесу үшін қосымша бригадалар жалдау керек. 10 күннің ішінде жұмысшылар саны 15 адамға жетеді.

 

Облыс әкімі құрылыс барысын жеке бақылауына алатынын жеткізді.

Кейін аймақ басшысы Сергеев су қоймасының жағдайымен танысты. Сыйымдылық 122 пайызды құрап отыр. Су арнасынан 1,5 метрге асқан. Сондықтан артығы сыртқа ағызылып жатыр. Бүгінде мұндағы бөген арқылы тәулігіне 67 млн текше метрі өтеді екен.

 

Геннадий Харахорин, Сергеев су қоймасының өндіріс аумағының жетекшісі:

– 2006 жылы екі есе артық су жиналған. Ол кезде сыртқа секундына 2600 текше метр су ағызылған. Қазір секундына 772 текше метрі ғана төгілуде. Балтық жүйесі бойынша судың деңгейі 138 метрге көтерілді. Сондықтан Есіл арнасынан асады деген қауіп жоқ. Өзен бойындағы ауылдар жапа шекпейді.

 

Самат Ескендіров бөген бойын тәулік бойы күзетке алған арнайы құтқару тобымен де тілдесті. Гидротораптың жұмысын да көрді. Ағынның күшеюімен электр қуаты 2 есе артық өндірілуде. Нәтижесінде сағатына – 2, айына 1 млн 300 мВт тоқ көзі шығарылады.

Бұдан соң өңір жетекшісі ат басын Ғ. Мүсірепов ауданына бұрды. 10 сәуір күні аудан арқылы өтетін Екатеринбург-Алматы бағытындағы тас жолдың 766 шақырымын топан су шайып кеткен. Трасса бойынан екі метрге көтерілген ағынның қуатына екі бірдей өткізгіш құбыр шыдас бермей Қостанай мен Петропавлды байланыстыратын күре жолдың бір бөлігі опырылып түсумен тынды. Салдарынан қақ айрылған аумақта 10 метрлік ор пайда болды. Апат орнына дереу ауданның барлық коммуналдық қызметтері тартылды. Республикалық маңыздағы транзиттің қатынауы тоқтатылған жоқ.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Түнге дейін жолды қалпына келтіреміз уақытша. Жалпы келешекте бұл жерде күрделі жөндеу өткізу үшін «Қаз жолмен», республикалық жол кәсіпорындарымен сөйлесіп мәселені келтіреміз. Жол үстіндегі автокөліктерді басқа жол салып өткізіп жатырмыз. Қарасу деген Қостанай облысының үлкен көлінен келіп отыр. Даланың қар сулары Есілге ағып жатыр.

 

Қостанайдың Қарасуынан төнген қауіп бүгінде сейілген. Ендігі мақсат-  үзілген жолды қалпына келтіру. Ол үшін бірнеше бригада мен 20-ға тарта арнайы техника жұмылдырылған.  Дәл осы жолдың 781 шақырымы да топан судың астында қалды.

 

Амир Бекчентаев, Ғ. Мүсірепов аудандық ТЖ бөлімінің басшысы:

– Жолдың 100 метрдей жерін су басқан еді. Бүгін көлемі екі есеге азайды. Ауыр техника жұмыс істеп жатыр. Қауіпті аумаққа 50 тонна инерттік материал төгілді. Жақындағы ауылдарға қауіп төнген жоқ.

 

Облыс әкімі осы аудандағы Шарық гидроторабына да аялдады. Су қоймасының сыйымдылығы 8 млн текше метр. Көктемнің келуімен мөлшері шамадан асты. Бүгінде 10 млн шаршы метрден астам су жиналып қалған. 1985 жылы салынған нысанның 70 пайызы тозғанын ескерсек, бұл жағдай тым қауіпті.

 

Николай Мацедон, Ғ Мүсірепов ауданы әкімінің орынбасары:

– 8 су өткізгіштің тек 3-і жүмыс істеп тұр. Өзгесі тасқынның күшімен опырылып қалды. Тәулігіне 1 млн текше метр су сыртқа төгілуде. Аса қауіпті. Бөген биыл шыдаса, келесі жылы көктемгі тасқынға жарамай қалуы ғажап емес. Бүгінде коммуналдық меншіктегі республика қарамағына көшіру үшін құжаттар әзірлеп қойдық. Өз күшіміз жөндеуге жетпейді. Жаңғыртуға 1,5 млрд теңге қажет.

 

Бүгінде су қалыптағыдан 1 метрге артық көтерілген. Оқыс жағдайдың алдын алу үшін ТЖМ қосымша күші тартылған. Алматы қаласынан 40 құтқарушы келген. Облыс әкімі маңызды нысанды үздіксіз бақылауды тапсырды.

 

Жеңіс  Ермұқанов