Ауыл шаруашылығы

Көктемгі егіс науқаны қарсаңында аграрийлер бас қосты

 

 

Солтүстік Қазақстан облысы еліміздің басты астықты аймағы. Оны ауылшаруашылығы еңбеккерлері қатарынан бірнеше рекордтық астық бастырумен дәлелдеп келеді. Оған заманауи техникалардың да қосқан үлесі зор дейді шаруалар қауымы. Машина-трактор паркі жыл санап жаңару үстінде. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің басы қосылған бұл жолғы жиында да олардың назарына соны техникалар ұсынылды.

 

Павел Брушкевич, «Агроперспектива» ЖШС өңірлік өкілі: -Біз бүгінгі көрмеге жер өңдеуге арналған техника мен себу кешендерін әкеп отырмыз. Олардың барлығы швециялық. Қазақстан нарығына шығарылғанына 3 жыл болды. Сұраныс бар. Бір тіркеменің өзі бір мезетте бірнеше операция жасауға қауқарлы. Шаруалар оның тиімділігіне көз жеткізді.

 

Қаз-қатар тізілген ауылшаруашылығы техникаларының жаңа түрлерін облыс әкімі Самат Ескендіров аралап көрді. Бәрі де өңір агроқұрылымдарының көктемгі егіс науқанына қолайлы. Оған әзірлік барысы алқалы жиында кеңінен талқыланды.

Қауырт маусымның басталуына аз уақыт қалды. Жиында агроқұрылымдардың дайындықтары жайлы облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров баяндады.

 

Көктемгі егіс науқаны барысында агротехнологиялық шараларды да естен шығармаған жөн. Бұл ғалымдардың пікірі. Биыл өңірімізде дәнді дақылдар алқабы қысқартылып,  есесіне майлы және жем-азық жерлері кеңейтіліп отыр. Өсімдік шаруашылығын диверсификациялаудың тиімділігі біріншіден топырақ құнарлылығын арттыруға жол ашса, екіншіден төрт түліккке қажетті азық базасын жақсартуға мүмкіндік береді.

 

Жексенбай Қасқарбаев, Бараев атындағы астық шаруалығы ғылыми-өндірістік орталығының директоры:

-Биылғы жыл ерекше болмақ. Топырақ ылғалдылығы жоғары. 80-110 миллиметр аралығында. Ол күзгі жауын-шашын мен қыста қалың түскен қардың пайдасы. Ендігі жерде оны тиімді пайдалана білсек, мол астыққа кенелуге болады. Тек ылғал сақтау жұмыстарын өткізіп алмау керек.

 

Теріскейдің биылғы қысы қарлы болды. Ендігі жерде ылғал сақтау технологияларын дер кезінде пайдаланғанымыз абзал.

 

Қымбат Мерғалимова, «Қазгидромет» РМК СҚОФ директоры:

-Биылғы ылғал жақсы. Ол 80-100 пайызға дейін жетеді. Егін сабу науқанын мамырдың екінші онкүндігінен бастаған жөн. Сол кезде ырыс дәні жақсы бас тартып кетеді. Ол мол астықтың кепілі.

 

Осы жылы теріскей диқандары 4 миллион 340 мың гектар жерге ырыс дәнін сіңірмек. Белгіленген межені бағындыруға толық мүмкіндік бар. Машина-трактор паркі сақадай-сай, қажетті 71 мың тонна арзандатылған жанар-жағармайдың бүгінге дейін 27 пайызы шаруаларға үлестіріліпті, қажетті минералды тыңайтқыштардан да тапшылық болмайды.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Биыл дәнді дақылдарды субсидиялауда біздің өңірімізге бөлінген қаржы 15 миллиард теңгеге жуық. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 6 миллиардқа жуық жоғары. Өздеріңіз көріп отырғандай үкімет ауылшаруашылығы саласын одан әрі дамытуда көмек қолын аяп жатқан жоқ. Тек оның қайтарымы болуы тиіс. Оған әрқайссыларыңыз үлес қосады деп ойлаймын.

 

Алқа отырысы соңында «Столыпин атындағы Омбы мемлекеттік ауылшаруашылығы университеті» мен облыстық әкімдік арасында меморандумға қол қойылды. Ол ауылшаруашылығы саласын таңдаған солтүстікқазақстандықтардың аталмыш білім ордасында оқуларына мүмкіндік бермек .

 

Сергей Петуховский, Столыпин атындағы Омбы мемлекеттік ауыл шаруашылығы университетінің ректоры:

-Меморандумның көршілес өңірлер үшін орны ерекше. Ресей Президенті Владимир Путин мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев екі мемлекет білім, ғылыми жетістіктер мен кадрлар даярлауда бірлесіп жұмыс атқарулары керектігін міндеттеген болатын. Бұл соған жасалған қадам. Бізге сіздерден келген студенттер тегін оқитын болады, Сондай-ақ оларды 100 пайыз жатақханамен қамтамасыз етеміз.

 

Алқа отырысына қатысқан өңір шаруалары бұл жолғы жиыннан астық өсіру тұрғысындағы соны жаңалықтардан құлағдар болдық дейді, Ендігі жерде оны іс жүзінде пайдаланбақ.

Жиынды қорытындылаған өңір басшысы көктемгі дала жұмыстарын дер кезінде бастап, уақтылы аяқтау қажет деді.

 

Самат Есмағи