Әр түрлі

Судьялар семинары

 

 

Өңіраралық семинар еліміздегі азаматтық-процессуалдық кодексінің жобасын талқылау, кемшін тұстарын анықтап, оны жетілдіруде судьялардың ойларын білуге бағытталған. Екі күндік жиынға ҚР Жоғары сотының судьясы Николай Мамонтов төрағалық етуде. Жаңа құжат Елбасының судьялардың 6 съезінде қойған міндеттемелері бойынша әзірленіпті. Алайда оны жүзеге асырмас бұрын жан-жақты қарастырып алуымыз қажет деп атап көрсетті алқа отырысын ашқан елордалық мейман.

 

Николай Мамонтов, ҚР Жоғарғы сотының судьясы: -Құжатта көзделген басты мақсат – бұл азаматтық іс жүргізудің жеделдігін, сот қызметінде техникалық құралдарды қолдану мүмкіндігін арттыру, сондай-ақ сот ісін жүргізуде бітімгерлік рәсімдерді белсенді қолдану үшін кодексті жаңарту арқылы азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының сотта тиімді қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған.

 

Технологиялық жаңашылдық айғақтарды қашықтықтан зерттеуге, түсініктемелерді қашықтықтан тыңдауға, құжаттарды электронды түрде өткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ кез-келген істің материалдарымен электрондық түрде танысуға жол ашады дейді судьялар.

Семинар барысында айтылған ұсыныстар мен талап тілектер ескерусіз қалмайды. Олардың барлығы жұмыс тобына бағытталып, заңнаманы одан әрі жетілдіруде ескерілетін болмақ.

 

Инесса Куанова, Солтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы:

-Жаңартылған заңнама процеске қатысушылардың бәсекелестік қағидатын күшейту, істі сот талқылауына дайындау кезеңін жетілдіру, оңайлатылған іс жүргізудің жаңа механизмін енгізуді көздейді. Біз оны өз тарапымыздан қолдаймыз.

 

Азаматтық іс жүргізу кодексінің жаңа жобасы біріншіден сот жұмысын жеңілдетуге бағытталса, екіншіден бұқараның сотқа деген сенімін арттыруды көздейді. Қазір судьялар корпусының қатысуымен жаңа құжатты талқылау семинары бізден бөлек еліміздің тағы 3 облысында жүргізілуде. Бас қосуда айтылған сын-ескертпелердің барлығы жаңа құжат күшіне енген шақта ескерілетін болады.

 

Самат Есмағи