Білім

Солтүстікқазақстандық оқушы Салтанат Күлжанова ұстазымен бірге жел генераторын құрастырды

 

Бұл желдің күшін электр энергиясына айналдыра алатын қондырғының макеті. Ол жел уақытша тоқтаған кезде де жұмыс істей береді. Өйткені өздігінен зарядталатын батареясы бар. Әмбебап қондырғының құрылысында қарапайым генератордың принципі қолданылған. Яғни, физиканың элекртомагниттік индукция заңы бойынша бұл жерде айналу мен симметриялық остері өте жоғары математикалық дәлдікпен есептелген. Сол себепті 3 м/с желде еркін тоқ көзін бере алады. Оны әрбір адамның қолда бар қарапайым материалдардан жасауына әбден болады. Тек физика заңы мен есепті жақсы білуі шарт. Озерное ОМ-нің оқушысы Салтанат Күлжанова Байқоңыр қаласында өткен «Ғылым әлемін ашамыз» атты 10-шы Халықаралық жарыста ғылыми жоба ретінде ұсынды. Еңбегі бағаланып, “Ең үздік ауыл оқушысы” аталымында сертификатқа ие болған.

 

Салтанат Күлжанова, Озерное орта мектебінің оқушысы, Қызылжар ауданы:

-СҚО табиғи желі  2м/с тұрақты соғып тұрады. Сондықтан соған сәйкес біз осындай құрылғы жасадық. Ол 3 м/с желде   толығымен электр тоғын бере алады. Қалақшалардың санын 3-еуден бесеуге көбейтік. Мұны ауылдың әр тұрғыны қолда бар материалдан құрастыра алады.

 

Жас өнертапқыш жобасында Солтүсті Қазақстан өңіріндегі баламалы энергия көздерін пайдалануды жетілдірудің тиімді жолдарын қарастырған. Халықаралық байқауға физика пәнінің мұғалімі Қылыш Ахмедовпен бірге 1 жыл бойы дайындалыпты. Жақсы көрсеткішке жету үшін макетті үнемі жетілдіріп отырған.

 

Қылыш Ахмедов, Озерное орта мектебінің физика пәнінің мұғалімі, Қызылжар ауданы:

-Мынау ості қаншалықты кішірейтетін болсақ, соншалықты айналым жылдамдығы артады. Соның есебінен тоқтың да қуаты арта береді. Біз соған жұмыстың барысында көз жеткіздік. Және бұл жерде қалақшалардың санына үлкен мән берген жөн. Өйткені қалақшалардың саны артса, салмақ ұлғаяды.

 

Озерное ОМ-нің ұстаздар қауымы оқушыларға физика пәнінен бөлек, география, химия, биология және информатика пәндерін тереңдетіп оқытады. Себебі аталған пәндермен нақты ғылыми жаңалықтар ашуға болады. Мектеп директоры Жұмабек Кеңбейілов оқушылардың техникаға, өнерге деген қызығушылығын бастауыш сыныптан аңғарған дұрыс дейді.

 

Жұмабек Кеңбейілов, Озерное ОМ директоры, Қызылжар ауданы:

-Елбасымыз өз Жолдауында атап өткендей оқушыларымыздың білімі халықаралық деңгейге жетуі керек. Сондықтан олардың ғылыми жобалармен айналысуына көп көңіл бөлеміз. Оның ішінде физика, биология пәнінен былтыр аудандық, облыстық ғылыми жобалар байқауында 4 оқушы қатысса, биыл 5 оқушы қатысып, соның біреуі түгел республикалық жарыстарға қатысып шықты. Кейін бастауыш сыныптағы балаларды да болашаққа деп дайындап жатырмыз. Олар да 3,5 жылдан кейін осыған бет бұратын негіздері бар деп есептеймін.

 

Салтанат өзінің ғылыми жобасының өміршең болатынына сенеді. Жаңалығын болашақта ауылдастарының пайдаланатынына нық сенімді.

 

Берік Қасен