Қоғам

Өткен жылы сәулет және қала құрылысы саласына 53 млн теңгеден астам қаржы бөлінген

 

 

Бүгіндері өңіріміздегі халқы 5 мыңнан асатын елді  мекендердің барлығының бас жобалары бар. Оларда мәдениет, коммуналдық, халыққа қызмет көрсететін орталықтар мен әлеуметтік нысандар салуға және «Қолжетімді баспана- 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша құрылыс жүргізуге болады. Сондай- ақ, мұндай жерлерде абаттандыру шаралары мен аумақты көріктендіру жұмыстары да жүргізіледі. Өткен жылы бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 53 млн теңгеден астам қаржы қарастырылыпты. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

 

Валерий Затай, СҚО сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

– «Береке» ауданындағы Досмұхамбетов, Ухабов, Радищев көшелерінің қиылысындағы бульварды абаттандырмақпыз. Тағы Мир көшесі бойында орналасқан ЦУМ, «Сокол», «Семейный», «Северный», «Жазира», «Нан +» сауда орталықтарының алаңын жөнге келтіреміз. Бөкетов, Пушкин және Сәтпаев көшелерінің бойындағы тұрғын үйлерде орналасқан жеке кәсіпкерлік нысандарын қалыпқа келтіріп, бірқатар нысандарды жарықтандыруды қолға аламыз.

 

2013 жылы басқарма 3 бас жобаны өзгерту бойынша жұмыстарды да атқарыпты. Айыртау, Ғ.Мүсірепов және Тимирязев аудандарының орталықтарындағы күттіруді қажет етпейтін құрылыс нысандарының жобасына өзгертулер енгізілген. Оған облыстық қазынадан 32 млн теңгеден астам қаржы бөлініпті. Сәулет және қала құрылысы тақырыбы барлығының ерекше қызығушылығын туғызды. Сондықтан болар, кездесуге жиылған журналистер басқарма басшысына өз сауалдарын жолдап жатты.

 

Елена Кузнецова, «Квартал» газетінің тілшісі:

– «Береке» ауданында Назарбаев интелектуалдық мектебі мен тұрғын үйлер салынып жатқандығы белгілі. Бірақ жолдар жоқ. Сол жерлерде қашан жолдар салынады.

 

Валерий Затай,СҚО сәулет және қала құрылысы басқарамасының басшысы:

– Алдыңғы жылы ол ауданда абаттандыру шаралары жүргізіледі. Сонда жаяу жүргіншілер жолдары да, саябақтар да бой көтереді. Ал мектепке апаратын жолды, яғни Ухабов  көшесі бойын сәндемекпіз. Бульвар жасап, көшеттер отырғызамыз. Қазір жоспарлар әзірленген.

 

Жиын соңында сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Валерий Затай өткен жылы қолға алынған жұмыстар биыл да өз жалғасын табатындығын жеткізді.

 

Мағжан Ахмадина