Қоғам

Алимент төлеуден жалтарғандар аз емес

 

Кирпичная көшесі, 4 мекен-жайындағы мына үйде тұратын Андрей Донецтің берешегі 104 мың теңгеден асқан. Алимент төлеуден жалтарып жүрген көкек әке үйінде болмай шықты. Көршілері үй иесін көптен бері көрмегендерін айтады.

 

Сот орындаушылары Ғ.Мүсірепов көшесі 13″а” мекен-жайындағы 99 пәтерде тұратын азаматтың есігін де қақты. Бірақ, ешкім ашқан жоқ. Мұнда тұрып жатқан жұмыссыз азаматтың қарызы 1 млн 100 мың теңгеге жеткен. Ол бір баласына төлейтін алиментін 2009 жылдан бері өтемей, қашып жүрген көрінеді.

Бұдан соң алиментті төлеуден жалтарып жүргендігі былай тұрсын, бірнеше банккке қарызы бар жауапсыз әкенің пәтеріне бардық. Игорь Задарожныйдың өзі үйінде болмаса да есікті бізге оның інісі ашты. Оған сот орындаушылары өздерін таныстырып, 34 жастағы азаматтың қайда жүргенін білуге тырысты.

Жыл басынан сот орындаушыларының өндірісіне 5826 іс келіп түскен. Оның 2890-ы алимент бойынша. Ал, жалпы борышкерлердің қарызын өндіру мақсатында сот орындаушылары мұндай рейдке күнделікті шығады екен.

 

Қарлығаш Абаева, СҚО сот актілерін орындау департаменті алименттік айыппұлдарды өндіріп алу жөніндегі бөлімінің аға сот орындаушысы:

– Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында өндіріске келіп түскен істердің 223 орындалды. Негізі әкелердің бір балаға төленетін айлық алименті 26 мың теңге, екі балаға 34 мың теңгені құрайды. Заң бойынша қарызы барлар шет мемлекеттерге бара алмайды. Сондықтан да борышкерлерге қарызды дер кезінде төлеу қажеттігін ескертеміз.

 

Алименттен жалтарып жүргендердің арасында без бүйрек аналар да бар болып шықты. Облыста ондайлардың саны 30-40 шамасында.

 

Бану Ахметова