Спорт

Солтүстікқазақстандық жеңілатлеттер ҚР қысқы чемпионатында бес алтынды иемденді

Никита Воробьев жеңіл атлетикадан ҚР қысқы чемпионатында юниорлар арасында сынға түсті. 20 шақты қарсыласын шаң қаптырып қана қоймай, жеке рекордын да орнатқан. Айтуынша, бұл оның ең ірі жарысы. Мұндай биікті 4 жыл бойғы тынымсыз еңбектің арқасында бағындырдым дейді. Қазір ол АҚШ-да өтетін әлем чемпионатына әзірлік үстінде.

 

Никита Воробьев, мамандандырылған БЖСМ жеңіл атлетика жөніндегі олимпиадалық резерв мектебінің тәрбиеленушісі:

-Біздің өңірден барған команда бұрын-соңды мұндай нәтижелерге қол жеткізген емес. Мен өз басым осы жарыста жеке рекордымды орнаттым. 1 келі 75 грамм дискіні 47 метрге лақтырып, алдыңғы орынға шықтым.

 

Ал, Анастасия Саромотина тоқпақ лақтырудан оқушылар арасында сынға түскен. Ол ең жақсы нәтижеге қол жеткізіп, Тайланд елінде өтетін іріктеу кезеңіне жолдама алды. Қазір бабында болу үшін аптасына 5 рет осы манежге келіп жаттығады. Айтуынша, бұл спорттың ең ауыр түрі. Жарақат алғанда денсаулықты оңалту үшін біраз уақыт кетеді. Тоқпақ лақтырғанда аяқ, қол, белге үлкен салмақ түседі.

 

Анастасия Саромотина, мамандандырылған БЖСМ жеңіл атлетика жөніндегі олимпиадалық резерв мектебінің тәрбиеленушісі:

-Осы маусымдағы алғашқы жарысым мен үшін жақсы басталды. Ел чемпионатында 3 келі тоқпақты 50 метр, 90 см-ге дейін жұлқа лақтырдым. Бұл өзгелермен салыстырғанда ең жақсы көрсеткіш саналады. Төрешілер енді менің күшімді мамыр айында Тайланд елінде өтетін іріктеу кезеңінде сынап көрмек. Одан өтсем, ел құрамасы атынан үлкен жарыстарға қатыса аламын.

 

Жеңіл атлетикадан ҚР қысқы чемпионатына 11 облыстан 150-ден астам желаяқ қатысқан. Олар спорттың үш түрі: қысқа қашықтыққа жүгіру, жартылай марафон және тоқпақты лақтыруда өз бақтарын сынап көрді.

 

Олег Кондратьев, тоқпақ лақтырудан облыстың аға жаттықтырушысы:

-Жеңіл атлетика бойынша ҚР қысқы чемпионатына менің 10 шәкіртім қатысты. Оның 5-уі 1-ші орынды иеленсе, қалғандары 2-ші, 3-ші орындарға ие болды. Ел чемпионатында жалпыкомандалық есептің қорытындысы бойынша жеңіс тұғырына алматылықтар көтерілді. 2-ші орынды ОҚО-ның спортшылары иеленді. Үздік үштікті біз тұйықтадық.

 

Берік Қасен