Бизнес және экономика

Солтүстікқазақстандық өнімдерге шетелде сұраным бар

 

Қазақстан, Ресей, Белоруссия мемлекеттерінің арасында орнаған бірыңғай экономикалық кеңістік үш елдегі өнеркәсіп, шағын және орта бизнес  саласының дамуына жол ашты. Соның аясында бүгінде отандық өнімдердің экспорттық әлеуеті артып отыр. Одан солтүстікқазақстандықтар да шет қалған жоқ. Олар өндірген өнімнің дені бүгінде Ресейдің Омбы, Қорған, Түмен облыстарына өткізілуде.

 

Құралай Жарова, СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасының бөлім жетекшісі:

-Облысымыздың 30-дан астам кәсіпорны бүгінде Ресей мен Украинаның нарығында ұзақ мерзімді келісім бойынша жұмыс істеуде. Мәселен Петропавл құрылыс материалдар зауыты өнімдері Омбы, Қорған, Түменге жеткізілсе, “Қазнефтегазмаш” кәсіпорны қорғандық «Карвет» кәсіпорнын мұнай-газ саласына қажетті қондырғылармен қамтамасыз етіп отыр. Петропавл құбыр зауыты мен ПЗТМ кәсіпорындарының өнімдері де Ресей мен Белоруссияда үлкен сұранысқа ие.

 

Солтүстік Қазақстан – еліміздің басты астықты аймағы. Бізде өсірілетін ырыс дәні ел қамбасының 30 пайызға жуығын құрайды. Алайда сары алтынымыз бен одан өндірілетін өнім түрлеріне бүгінде Кедендік одаққа мүше елдерден де сұраныс бар.

 

Құралай Жарова, СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасының бөлім жетекшісі:

-Интеграциялық процесте ұн, макарон мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың тауарларына қызығушылық жоғары. Бұл тұрғыда “Богатырский продукт”, “Надежда СК”, “Сұлтан” серіктестіктері Ресей мен Белоруссияның барлық өңірлерін өз тауарларымен қамтамасыз етіп отыр.

 

Бүгінде отандық бизнеске мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау бар. Мақсат – бәсекелестікке төтеп беретін өнім түрлерін өндіру. Сонда ғана біз “Қазақстанда жасалған” деген брендті Бүкіләлемдік сауда ұйымына таныта аламыз.Ол үшін ерінбей еңбек етуіміз керек. Одан өзіңе де өзгеге де пайда бар.

 

Самат Есмағи