Білім

Петропавлға жұмыс сапарымен Беларусь Республикасының ІІМ ІӘ қолбасшылығының өкілдері келді

 

Беларусь Республикасының ІІ Министрінің орынбасары бастаған топ жергілікті әскери институтпен танысуды дәлізден бастады. Ол жерде меймандар ЖОО жайындағы ақпараттар қойылған көрмені тамашалады. Сондай-ақ институттың бетке ұстар оқутушылары, курсантарымен тілдесті. Олардың әрбірі өз ісінің хас шебері, оқуда үздік, спортта алғыр. Бұдан сыр шертетін толағай жетістіктер арнайы бұрышта тізілген.

Кейін арнайы ұйымдастырылған брифингте беларусь делегациясы ҚР ІІМ ІӘ Әскери институтының оқыту жүйесінен толығырақ құлағдар болды. ЖОО бүгінгі атауы 2009 жылы берілген. Жалпы ашылғанына 15 жылдың жүзі болып қалды. Осы уақыттан бері білім мекемесінен талай білікті офицер түлеп шықты. 98 пайызы кәсіби мамандығын озат және жақсы деген бағаға меңгерген. Түлектердің дені еліміздің элиталық әскери құрылымдарында табысты еңбек етіп жүр.

 

Жұмабек Ахметов, ҚР ІІМ ІӘ Әскери институтының басшысы:

– 7 кафедрада 7 әскери мамандық бойынша оқытамыз. 2009 жылдан Қырғыз бен Тәжік мемлекеттерінің тапсырысын орындап жатырмыз. Өткен оқу жылында көрші елдердің ішкі әскеріне 18 офицер даярлап шығардық. 2007 жылдан курсантар қазақ тілінде де оқытылатын болды. Бүгінде болашақ офицерлердің 43 пайызы мемлекеттік тілде мамандық меңгеріп жатыр.

 

Оқытушылар ұжымы ұдайы республикалық және шетел орталықтарында заман ағымына сай шеберлігін шыңдап тұрады. Биыл ұстаздар қатары 18 магистрмен толықпақ. Сондай-ақ институт қабырғасында әскерилердің біліктілігін артыру курстары өткізіледі. Ол мүмкіндікке құқық қорғау органдарының мамандары да жүгіне алады. Белорусь Республикасы ІӘ қолбасшылығы өкілдерін курстанттардың тәжірибе алу жағы қызықтырды. Сондай-ақ болашақ офицерлердің рейтингі қалай бағаланатынын сұрастырды.

 

Жұмабек Ахметов, ҚР ІІМ ІӘ Әскери институтының басшысы:

– Оқу барысында соңғы курстарда 2 рет әскери тәжірибеден өтеді. 6637 әскери бөлімінде алдымен тыл маманы ретінде, кейін конвойлық, бақылаушылық білімдері сыналады. Рейтингтері кредиттік жүйе бойынша анықталады. Курсанттың оқу қабілетін балдық жүйемен бағалаймыз.

 

Жергілікті мамандар да Белорусь еліндегі әскери оқу жүйесімен танысты. Ондағы ІІМ Академиясында тек бір кафедра әскери мамандарды даярлауға арналған. Күш құрылымдарының қызметі еліміздікінен атымен болмаса, затында айырмашылық жоқ. Жалпы  мемлекеттің ішкі қарулы күштері бар болғаны 11 мың маманнан құралған. Сондықтан қорғаныс ісі жақсы жолға қойылған Қазақстанның тәжірибесімен бөлісуге делегация арнайы ат терлетіп келіпті.

 

Юрий Караев, Белорус Ішкі Істер министрінің орынбасары, ІӘ қолбасшысы:

– Астана қаласында болып әскери қызмет мекемелерін аралап шықтық. Өз тәжірибемізге ендіретін бірқатар жаңалықтар тізіп алдық. Мақсатымыз әріптестік орнатып, шеберлік алмасу. Сапарымыздың табысты болатынына сенімдімін. Бірыңғай экономикалық кеңістіктегі елдер сауда-саттықпен қатар әскери байланысты жақсарту керек деп санаймын.

 

Отырыстан соң меймандар әскери институттың мұражайын, оқу корпустарын аралады. Сондай-ақ беларустық делегация 6637 әскери бөлімімен танысуды жоспарлап отыр.

 

Жеңіс Ермұқанов