Құқық қорғау органдары

Петропавлда жүргізуші мен жол инспекторы соттасып жатыр

 

 

Оқиға наурыздың 27-нен 28-не қараған түні орын алған. Астанадан келе жатқан Максим Даниловты «Оңтүстік» бекетінде жол полициясының қызметкері тоқтатыпты. Полиция капитаны көліктің алдыңғы әйнегінде орналасқан бейнерегистратор тиісті орында тұрмағандығын айтып, 5 АЕК көлемінде «Газель» жүргізушісіне айыппұл салған. Максимнің пайымдауынша, жол сақшысы  Олег Ковалев тағып отырған айыптарға негіз жоқ.

 

Максим Данилов, жүргізуші:

-Мені жол полициясының қызметкері тоқтатып, ешбір таныспастан, құжаттарды көрсетуімді сұрады. Мен оған барлық қағаздарды бердім. Ол маған ҚР Жол жүру ережесінің 7.3 пунктін бұздыңыз, яғни көруге кедергі келтіретін құралдар орнаттыңыз деген айып тағып, құжаттарымды алып кетті. Мен көлігімнен шықпай отыра бердім.Кейін келіп, ешбір куәгерлерсіз хаттама толтырып, менің қағаздарыммен қосып кабинаға лақтырды да, темір тұлпардағы нөмірлерді шеше бастады. Мен ешбір қағазға қол қойған жоқпын. Өйткені полиция қызметкері заңсыздыққа жол беріп отыр.

 

Ал полиция капитаны болса, өзінің заң шеңберінде жұмыс істегендігін айтып ақталуда. Оның пікірінше, бейнерегистратор Максим Даниловтың жолдағы жағдайды толық көруіне кедергі келтіретін жерде орналасқан.

 

Олег Ковалев, СҚО ІІД ӘПБ аға инспекторы:

-Мен жүргізушіге барлық ережелерді түсіндірдім. Онда анық жазылған көліктің алдыңғы әйнегінде жүргізушіге кедергі келтіретін ешбір құралдар орнатылмауы тиіс. Ол нақты жазылып, көрсетілген.

 

Бұл істе анықтауды қажет ететін жағдайлар көп. Сондықтан Петропавлдың мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Асламбек Көшенов мәселенің ақ-қарасын толық анықтау қажет деген шешімге келді.

 

Мағжан Ахмадина