Қоғам

Ұлы Отан соғысында қаза болған жауынгерлер жөніндегі мәліметтерді енді ғаламтордан табуға болады

 

 

Ұлы жеңіс жолындағы қанды қырғын әр үйдің өміріне жазылмас жараның ізін қалдырды. Отты жылдары отан үшін отқа түскендердің қатарында солтүстікқазақстандық Сергей Ляпин де болған. Әкесі ел басына төнген бұлтты сейілтуге аттанғанда Валентна Лобачева не бары 1 жасар сәби еді.

 

Валентина Лобачева:

-Әкем есімде жоқ. Артынан қалған 4 қызының ең кенжесімін. Ағайын-туыс, жолдас-жоралары бір ауыздан өте ақжарқын, қолдан келген көмегінен аянбайтын әділ адам болды дейді. Соғысқа дейін диірмен жетекшісі болды. Ауылдықтардың жалақысын әкеле жатқанда соңына ұрылар түсіпті. Кейін кім екенін білгесін, арам істерінен айнып,  елге дейін шығарып салған. Бұл марқұм шешемнің әңгімесінен.

 

Сергей Ляпин атқыштар дивизиясының мергені болыпты. 1943 жылы Курск доғасындағы ұрыстардың бірінде оққа ұшып жараланған. Жанұясына сол жылдың күзінде ерлікпен қаза тапты деген қаралы қағаз келді. Қазір Валентина Сергеевнаның әке естелігінен фотосуреттері мен хаттары ғана қалды. Зейнеткер оларды 70 жыл бойы көздің қарашығындай сақтап келеді.

 

Валентна Лобачева:

-Әкем жайында естелік қалса деймін. Бүгінде қажетті ақпаратты ғаламтордан табасың. Сондықтан бар жиған мәліметті “Бессмертный полк” сайтына жібердім. Әкесімен бірге отанын жаудан тазартуға 4 ағасы үн қосқан. Екеуі бейбіт өмірге жетті.

 

Бүгінде бірінің де көзі тірі емес. Олар жайында да Валентна Лобачева ғаламтор бетіне мәлімет қалдырамын дейді.

Надежда Семенько – “Бессмертный полк” жобасының Петропавл қаласы бойынша үйлестірушісі. Танымал сайтқа қарт майдангерлер жайында ақпарат басуға ниеттілер бар дейді жергілікті өкіл. Бірақ тәуелсіздіктің шуақты күндерін көрген Ұлы мейрамның бас қаһармандарының қатары күн санап сиреп барады. Ұрыстардың алдыңғы шебінде жүрген қайсар жауынгермен бірге ерліктерінен сыр шертер оқиғалар күрт азайып қалған.

 

Надежда Семенько, “Бессмертный полк” жобасының  Петропавл қаласы бойынша үйлестірушісі:

– Біздің ата-бабаларымыз Ұлы жеңіске жетеледі. Бүгінгі бай да қуатты елдің бейбіт аспанында күн кешуіміз осы ардагерлеріміздің арқасы. Біздің мақсат теңдесі жоқ батырлық пен ерліктерін отансүйгіштіктің жарқын белгісі болып мәңгі сақтап қалу.

 

От пен оқтың арасында ажалға қарсы тұрған қайсар отандастарымыздың есімдерін ұлықтауды ресейліктер қолға алған. Кейін ғаламтордағы игі істі өзге елдер де іліп әкетіпті. Бүгінде “Бессмертный полк” сайтында жаумен алысқан қанды қырғын куәгерлерінің 40 мыңнан артық естелігі жиналып қалды. Енді ол бастаманы өңірімізде дәріптеу үшін Надежда түрлі әлеуметтік желілерге тіркеліпті. Қазір оның жеке парақшасында бұл маңызды шаруаға немқұрайлық танытпаған 3833 жолдасы бар.

 

Надежда Семенько, “Бессмертный полк” жобасының Петропавл қаласы бойынша үйлестірушісі:

-Менің өмірге деген көзқарасым мүлдем өзгерді. Қазір мен “Звезда” телеарнасын тамашалауды әдетке айналдырдым. Тек әскери фильмдер көретінді шығардым. Олардан өзіме көп мағұлматтар алдым. Жуырда сарбаздар майданнан ақша жіберіп отырғандарын білдім. Ол жөнінде еш жерде айтылмайды ғой.

 

ҰОС жылдары өңір халқының 4/1 қан майданға аттаныпты. 74 мыңнан артық адам айбынды Кеңес әскерінің қатарына қосылды. Адамзат тарихындағы ең зұлмат қантөгісте боздақтардың тең жартысы жарқын болашақ қамында жан құшты. 53-і Кеңес Одағының батыры атағына лайық деп танылды. Ер есімін ел есінде қалдыру – Надежда сынды қайырымды ұрпақтың қасиетті міндеті.

 

Жеңіс Ермұқанов