Спорт

Солтүстікқазақстандық боксшы Азат Илюбаев Түркістан қаласында өткен халықаралық турнирде қола медальді еншіледі

Азат Илюбаевтың боксқа ден қойғанына 7 жыл болыпты. Ұзақ дайындықтар мен жаттығулар жемісін бермей қоймаған. Ол 64 келі салмақ дәрежесінде Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласында өткен халықаралық жарыста қарсыластарын тізе бүктіріп, қола алқа тағынған. Тек шымкенттік былғары қолғап шеберіне есе жіберіп алыпты.

 

Азат Илюбаев, ҚР спорт шеберлігіне үміткер:

-Бұған дейін бірнеше ел және халықаралық жарысқа қатысқан болатынмын. Бұл сайыста 5 кездесу өткіздім. Олардың бесеуінде де қарсыластарымнан басым түстім. Жеткен жетістіктерім үшін өте қуаныштымын. Болашақта алтыннан алқа тағынсам ба деген арманым бар.

 

Халықаралық турнир – еліміздің әр өңірінен 160-тан астам боксшыны жинаған. Онда біздің елімізден бөлек Қырғыстан, Ресей, Өзбекстан мен Тәжікстаннан да спортшылар қолғап түйістірген екен. Азат үмітті ақтап, жаттықтырушылардың еңбегі жанды. Олар шәкірттерінің болашақта талай асуларды бағындыратынына сенімді. Сондай-ақ Ұлттық дәрежедегі төреші, ҚР спорт шебері Азамат Жақиянов  әділ төрешілік еткені үшін дипломмен марапатталыпты.

Жас спортшы осы жеңісімен шектеліп қалмақ емес. Қазір боксшы кезекті жаттығуларын бастап, алдағы жарыстарға дайындалу үстінде.

 

Бақыт Сәдуақасов