Қоғам

Қағаз қалдықтарының алғашқы тоннасы қайта өңдеуге жөнелтілді

 

 

Үстіміздегі жылдың ақпан айынан Солтүстік Қазақстан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы қалдық қағаздарды арнайы мекемеге жинап-тапсыруды оң жолға қойған. Өйткені күнделікті қағазбен жұмыс істейтін мұндағы қызметкерлер қажетке жарамағанын қоқысқа тастағаннан гөрі, пайдалы мақсатқа жұмсағанды жөн санайды.

 

Илья Зейферт, СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

-Макулатураны аграрлық үйдің мекемелері мен қалалық әкімдіктің бөлімдерінен жинап, тапсырудамыз. Бүгін жиналған 1 тонна қағаз өңдеуге жіберілмек. Қалдық қағаздан түскен қаржыны абаттандыруға жұмсаймыз.

 

Макулатураны “Қазақстан қағазы” ЖШС-нің өңіріміздегі филиалы қабылдап, әрі қарай Алматы қаласындағы қағаз өңдейтін цехқа жөнелтетін көрінеді. Аталмыш кәсіпорынның нарықта жүргеніне 8 жылдан асқан.

 

Константин Даньшин, “Қазақстан қағазы” ЖШС СҚО филиалының өкілі:

-Біздің ірі қалаларда макулатура қабылдайтын 16 кәсіпорнымыз бар. Онда картон, қажетсіз қағаздарды қабылдап, әрі қарай өңдеп дайын өнім шығарады. Сондай-ақ қағаз қалдықтарын өңдейтін “Карина” ЖШС-мен де тығыз қарым-қатынас орнаттық.

 

Өңдеуден өткен өнімнен кеңсе қағазы жасалады екен. Кәсіпорын қалдықтардың 1 келісін 6 және 10 теңгеге қабылдайды екен. Бірақ макулатураны тапсырып, аз да болса нәпақа табуға құлық танытатындар көп емес.

 

Бақыт Сәдуақасов, тілші:

-Қағазды негізінен қайың ағашынан жасайды. Мысалы 100 килограмм макулатура 1 ағаштың өмірін сақтап қалады екен.

Бақыт Сәдуақасов